Кеңес ертегілері

Атағозы батыр

 

Артық  кімдер  бар  еді,

Ертеде  өткен  Есеттен.

Қасиетін  көрсеткен

Атағозы  мергеннен.

Аралбай  Оңғарбекұлы.

 

«Байұлына  бас  болып,

Алтын  ерге  қас  болып,

Атағозы, Сырым  би,

Қалмайын  деп  қатардан,

Бұлар  да  келіп  ұрынды.

Т. Аманжолұлы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

АТАҒОЗЫ   БАТЫР

 

      Атағозы  Айтқұлұлы (1704-1794) – Байұлы  тайпасының  Адай  руынан  шыққан  батыр, би.

1726 жылы  қырық  мыңдық  қазақ, қарақалпақ  жасақтарының  сапында  жоңғарлармен  болған  қиян-кескі  соғысқа  қатысып, ерлігімен  аты  шыққан. Еділ, Жайық, Жем, Ойыл  жорықтарында  батыс  қалмақтарына  қарсы  жорықтарда  Есек, Шотан, Құттығай, Бердібек, Тәңірберген  батырлармен  бірге  майдандас  болған. Есет, Көкіұлы, Әжібай, Шотан, Атағозы  батырлар  бас  болып, Кіші  жүз  қазақтарын  Маңғыстаудың  ойына  қайта  қоныстандырған  ерен  еңбектері  бар.

Атағозы  батыр  Сырым  қозғалысына  да  белсене  қатысқан. Ел  аузында  Атағозы  батыр  туралы  және  батыр  айтты  деген   көптеген  қанатты  сөздер  сақталған. Х. Досмұхамедов  өзінің «Аламан» жинағында  Атағозы  есімін  қазақтың  атақты   билері  қатарында  атайды.

Атағозы  батыдың  зираты  Бейнеудегі  Бекет  ата  мешітінен  батысқа  қарай  он  шақты  шақырым  жердегі  қорымда.

 

 

                   Құттықсейіттің   арамдығы

 

     Заманында «Қайтсем  топтан  торай  шалдырмаймын  деп, елімді  жауға  алдырмаймын  деп, түн  ұйқымды  төрт  бөліп, тоғыз  оянып, тоқсан  толғанып  шығамын» деген  Атағозы  батыр  бастаған  адайдың  Шотан, Есек, Бердібек, Тәңірберген  сияқты  қырық  жігіті  елге  жайлы  қоныс  іздеп, Маңғыстаудың  ойына  алғаш  тұяқ  іліктіріпті  дейді. Адайларды  Үстіртке  қоныстандыруда  Атағозы  батырдың  қажыр-қайраты  мен  ерлік  істері  туралы  ел  есінде  сақталған  аңыз-әңгіменің  ұшы-қиыры  жоқ.

…Атағозы  батыр  көршілес  Хорезм  хандығының  Құттықсейіт  деген  шонжарымен  біліш (дос) болған. Бір  жолы  Құттықсейіт  Атағозыны  қонаққа  шақырып  сыйлайды, бірақ  арам  ойын  ішіне  сақтап, батырды  өлтіруге  ниеттенеді. «Атағозыны  ауылынан  қайтар  жолда  өлтіріңдер», – деп, он  шақты  адамына  тапсырма  береді.

Содан, Атағозы  батыр  еліне  қайтып  келе  жатқанда,  алдынан  қаптап  шыға  келген  адамдарды  көріп, қылышына  қол  салса, қылышы  суырылмайды. Түркімен  біліші   түнде  қынабына  желім  құйып  тастаған  екен. Батыр «Ер  Қосай  бабам  қайдасың!» – деп  ақырып  жіберіп, жұлқи  тартқанда  қылыш  та  қынабынан  босанады. Сол  жерде  қылышын  жалаңдатып, қамалап  келіп  қалған  қарақшыларға  қарсы  шабады. Әдісі  мен  айласы, айбаты  мен  қайраты  мысын  басқан  жаулары  бұған  ештеңе  істей  алмайды. Қарсы  келгендердің  бірін  жаралап, бірін  мерт  еткен  соң, Атағозы  батыр  Құттықсейіттің  ауылына  қайтып  оралып  келеді  де, ат  ойнатып  тұрып  былай  дейді: «Әй, Құттықсейіт, анау  қырдың  астында  сенің  қарақшыларыңның  өлгені  өліп, өлмегені  өлімші  болып  қалды. Барып  жинап  ал. Сенің  жауыздығыңа  басқаларды  күйдірмеймін. Бірақ, екеуміз  тағы  да  кездесеміз. Алладан  тілегім  сол!» – деп, жүріп  кетеді.

Айтқанындай, Атағозы  батыр  мен  Құттықсейіт  хан  бастаған  қазақ-түркімен  жасақтарының  келесі  бір  қақтығысында  Құттықсейіт  мерт  болған…

 

 

Атағозының  шешімі

 

 …Байбақты  Сырым  батыр  мен  алаша  Байсал  би  құда  болыпты. Байсал  баласына  Сырымның  қызын  айттырып, қалыңмалын  төлеп, Байсалдың  баласы  Сырым  ауылына  ұрын  барып  жүреді  де, жеме-жемге  келгенде  қызды  алмайтын  болып  шығады. Байсал: «Балам  қызыңды  алмаймын  дейді, қалыңға  берген  малымды  қайтар», – дейді. Сырым  малды  қайтармайды. Содан, екеуі  айтысып, Нұралы  ханға  жүгінбекке  жолға  шығады. Жолда  келе  жатып  Сырым  құдасына: «Екеуміздің  хан  алдына  барып, дауласып  жатқанымыз  жарамас, хан  сарайы  келімді-кетімді  жер  ғой, елге  дабыра  қылып, өсек-аяң  тудырып  қайтеміз. Одан  да  әділдігін  ел  мойындаған  адай  Атағозы  батырға  барып  жүгінейік, ара  ағайын  әділдігіне  өзіңнің  де  көзің  жетер», – дейді. Байсал  бұл  сөзге  келіседі, сөйтіп, екеуі  Атағозының  ауылына  келіп  түседі.

Атағозы  бұларды  күтіп  алады. Екі  жақты  да  тыңдап  болған  Атағозы: «Шырағым, Байсал, балаң  үш  жылдай  қалыңдық  ойнаған  болса, онда  саған  мал  тимейді, қаласаң  келініңді  аласың, қаламасаң  жөніңді  табасың», – депті. Екі  би  де  Атағозының  кесіміне  риза  болып  ауылдарына  аттанып  кетіпті…

Бұл  хабар  Нұралы  ханға  жетіп: «Алаша  мен  байбарақтың  арасындағы  дауға  Атағозы  қалай  кіріседі?! Атағозы  алдыма  келсін, жауабын  берсін!» – деп  бұйрық  етеді.

Ханның  шақыруымен  Атағозы  ордаға  келеді. Хан:

– «Әй, Атағозы, ойда  орысты, қырда  қазақты  қоймай  олжалап  жүрсең де, өзің  бойыңа  шыр  бітпеген  қатпа  екенсің  ғой, – деп  кекетіпті. Сонда  Атағозы:

– Қаралы  үйде  қарасын  жеген  қатын  семіреді, әділетсіз  елде  қарашасын  сорған  хан  семіреді  дегенді  білмеуші  ме  едіңіз? Мен – қайткенде  топтан  торай  шалдырмаймын, халқымды  сырт  дұшпанға  алдырмаймын  деп, түнімен  тоғыз  оянып, тоқсан  толғанып  шығамын, мен  арық  болмағанда, кім  арық  болады, – деп  жауап  береді.

Хан  Атағозыға  айбынды  батыр, азулы  биге  лайық  қонақасы  бергізіп, астына  ат  мінгізіп, иығына  шапан  жауып, құрметтеп  аттандырыпты  дейді. (Сайын  Назарбекұлынан).