Кеңес ертегі

Автор туралы

     Кеңес  Оразбекұлы  Дүйсен – 5.03.1956ж. Оңтүстік  Қазақстан  облысы, Сарыағаш   ауданы, Дарбаза  кеңшарында  туып  өскен. Балалар  жазушысы. Әл-Фараби  атындағы  Қазақ  Ұлттық  университетінің  журналистика  факультетін  бітірген.  Республикалық  балалар  басылымы – «Ұлан»  газетінде  он  төрт  жылдай  бөлім  редакторы  қызметін  атқарып, журналист  ретінде  балалардың  жай-күйі, балалар  проблемасы  жайында  жазып, қалам  толғаған. 2004 – 2013 жылдары  «Мөлдір  бұлақ»  республикалық  балалар  журналында   бас  редактордың  орынбасары  болып  қызмет  істеген. 1993 жылы  «Қасиет»  баспасынан  «Ертегі  туралы  ертегі»  атты  тұңғыш  ертегілер  жинағы, «Аруна»  баспасынан  «Наурыз  көже»  әңгімелер  жинағы  (2007), «Ай  аттары  қайдан  шыққан?» (2002), «Мүшел  жас»  (2002) танымдық  кітапшалары  шыққан. «Аруна»   баспасынан  жинап  құрастыруымен  «Әжемнің  ертегілері» (2005), «Өнегелі  ертегі» (2007), «Ерте, ерте, ертеде…» (2007), «Ертегім  неткен… мұратына  жеткен» (2008), «Ерлік  ертегілері» (2008), «Қожанасыр  хикаялары» (2008) халық  ертегілері  жинақтары  шыққан. «Тұран  баһадүрлері  немесе  Ер, Би, Нардың  ерлік  жорықтары» тарихи-танымдық, фантастикалық  хикаяты (2010),  «Қанатты  сөз – қазына» (1-кітап, 2010), «Иол – мәңгілік  ағашы» пьесалар  мен  скечтер  жинағы (2011), «Қанатты сөз – қазына» (2-кітап, 2013) және  тағы  басқа  жинақтары  жарық  көрген. Әңгімесі  «Жарты  ғасырдың  алтын  қоры» (2007),  ертегілері «Менің ғажайып  ертегім» (2015)  ұжымдық  жинақтарына  енгізілген. «Длиноногий  Бади»  сериялы  ертегісі  Тәуелсіз  Қазақстан:  Қазіргі  заман  әдебиетінің  үш  томдық  антологиясының  (Москвада  2013 жылы шыққан) 1-томына  кірген. «Жыл  басы  қалай  анықталды»  кітабы  (2016) Оңтүстік  Кореяда  корей  тілінде  шықты.

      Алматы   қалалық  әкімшілігі  (2005) мен  «Бөбек»  қоры  ұйымдастырған  (2006)  республикалық  бәйгелердің  үшінші  орын  иегері. Қазақстан  Республикасы  Мәдениет  және  ақпарат  министрлігі, Ш. Айманов  атындағы  «Қазақфильм»  АҚ  және  Қазақстан  Кинематографистер  одағы  жариялаған  республикалық  конкурста  «Аңқау  батыр  хикаялары»  сценариі  «Ең  үздік  анимациялық  сериал»  номинациясы  бойынша  екінші  орынды (сәуір, 2009ж.) жеңіп  алды.

       «Тұран  баһадүрлері  немесе  Ер, Би, Нардың  ерлік  жорықтары» тарихи-танымдық, фантастикалық  хикаяты (2009) мен «Май әже мен Күндей қыз» сериялы ертегісі (2013)   “ZHERSU” корпорациясы  мен Қазақстан  Жазушылар одағы ұйымдастырып келе жатқан  дәстүрлі  «Дарабоз»  бәйгесінің  жүлдесін  жеңіп  алған.

       2012  жылы «Балапан»  телеарнасы  ұйымдастырған  конкурста  «Тұран баһадүрлері немесе Ер, Би, Нардың ерлік жорықтары» тарихи танымдық, фантастикалық шығармасы үздік  шығып, осы  хикаяның  желісімен  «Үш достың  ерліктері» атты  10 сериялы  мультфильм  түсірілген.