Кеңес ертегі

Ай жарығындағы оқиға

Бір  күні  Жарғақбас, Қылкеңірдек, Шибұт  үшеуі  түн  жамылып тағы  да жорыққа  шықты. Ай  жарығында  жықпыл-жықпылдың  арасымен  келе  жатты.

     – Ай жарығындағы  ұрлығымыз сәтті болсын деп тілейік, – деді Шибұт жол  бастап  келе  жатып.

–  «Мен  ұрлыққа  шыққанда  ай  жарық  болды» депті  ғой  біреу, – деді Қылкеңірдек  ренжіп. – Ал  біз  ұрлыққа  жиналғанда, ай  жарығы  еш  нәрсе  емес, мына  Жарекеңнің  жарғақ  басы  айға  шағылысып  келе  жатқанын  қарашы!

– Басы  жылтырағанын  қайтейін, – деді  Шибұт. –  Аяқ  астымыз  түк  көрінбейді. Мына  алдымызда  терең  өзекше  бар  сияқты  еді. Абайлаңдар, түсіп  кетпейік. Әй, Жареке, басыңды  еңкейтші!

      – Неге  еңкейтеді  екем?

   – Басыңның  жарығымен  жер  бедерін  қарап  алайық. Шұңқырға  құлап  кетпейік  деген  сақтығымыз  ғой.

      – Әп, бәрекелді, осылай  пайдаңды  тигізсейші!

   – Әне, айттым  ғой  өзекше  бар  деп. Жареке, сен  осылай  жарығыңды  түсіріп  тұр. Біз  Қылекең  екеуіміз  арғы  бетіне  өтіп  алайық. Ал, Қылеке, секір!

Қылкеңірдек  өзекшеден  қарғып  өтеді.

   – Әуп! Секірдім, ал  өзің.

      – Әуп!

      – Ал, Жареке, енді  сенің   кезегің.  Кәне, бері  жүре  түс. Кәне, тағы, тағы…

Кенет  «гүрс» етіп  құлаған  дыбыс  естіледі. Артынша:

– Уа-а-ай! – деп  ауырсынған  даусы  шықты  Жарғақбастың.

Қылкеңірдек  пен  Шибұт  үрейленіп, бастарын  еңкейтіп, өзекшеге  қарайды.

      – Әйтеуір  тірісің  бе? – деді Қылкеңірдек. –  Қалайша  түсіп  кеттің?

      – Өздерің  ғой, «тағы, тағы  жүре  түс» деп  қоймаған!

      – Басыңның  жарық-сәулесі  аяқ  астыңа  түспесе, біз  кінәліміз  бе?

    – «Шамның  жарығы  түбіне  түспейді» деген  рас  екен-ау! Кәне, қолыңды  әкел.

Екеуі  Жарғақбасты  шұңқырдан  тартып  шығарады. Жарғақбас  үсті-басын  қағады  да, үшеуі  сапарларын  қайта  жалғастырады.

      – Сендер «Ай жарығында, ай жарығында» дейсіңдер. Ай қараңғысындағы ұрлықты да жетістіріп пе едіңдер, – деді  Жарғақбас.

      – Қандай «ай қараңғысындағы ұрлық»?

      – Естеріңде ме, өткен күзде Байдалы байдың соғымын үптеп кеткенімізде…

      Айсыз  қараңғы түннің бірінде олар  байдың етханасына жасырынып кіреді.Арқанға іліп кептіріп қойған соғым етті екі қапқа сықап салып, сарай артынан сыртқа жылыстайды. Көшеден бір есек ұстап, екі қап етті теңдеп есекке артып, үшеуі жолсызбен ауыл сыртына шығады. Олар олжаларына  риза  болып,  емпеңдеп  келе  жатқанда, жолда «Әй, кім бар, көмектесіңдер!»  деген бір әйелдің  жалынышты даусын естиді. «Бір қуіпті  жағдайға  ұшыраған да, кім болса да көмектесіп, сауабын алайық» деп дауыс шыққан тұсқа келсе, бір кемпір екен.

      – Әй, шырақтарым, маған қолқабыс беріңдер. Қараңғыда есегім сүрініп кетіп, мына бір қапты аударып алғаным. Шашылған тезекті жинасып жіберіңдерші, айналайындар, – дейді  ол.

Үшеуі құрақ ұшып  келіп, кемпірдің тезектерін жинасып, қапқа қайта салады.

      – Ой, өркендерің өссін,  қарақтарым,  жаутаңкөз  шырақтарым!  Енді бұл қапты есекке артысып жіберіңдер. Әйтпесе менің шамам келмейді.

      – Қазір, шешей, мен есекті әкелейін, – деп  Шибұт  қараңғылыққа сүңгіп кетіп, екі есекті ноқта жібінен ұстап әкеледі. – Шешей, мыналардың қайсысы сіздікі, айыра аласыз ба?  Екеуіне де қап тиелген екен.

      – Құлағын ұстап көр. Менің есегімнің  оң құлағы       нда   кесік  ені  бар.

     Шибұт есектің біреуінің құлағын сипап көреді:

– Ә, мынаусы екен! Жареке, Қылеке, сендер де ұстап көріңдерші, мен жаңылысқан жоқпын ба?

Олар да есектің құлағын сипап шығады.

      – Дәл осы!

Үшеуі кемпірдің қабын есектің арқасына артып, оны кемпір берген арқанмен орап байлайды.

      – Ал, шешей, енді сүрінбей, жығылмай, жолда  абай  болып, үйіңізге аман-есен  жетіңіз.

      – Әй, арыстарым-ай, алла разы болсын!  Сендер болмасаңдар қайтер едім,тілеуіңді бергірлер. Екі дүниенің қызығын көріңдер! Жолдарыңа нұр жаусын!

      – Арзымайды, шешей.

Олар кемпірді қараңғылыққа сүңгіп кеткенше шығарып салып, өздері де есектерін  жетектеп, жөндеріне  кетеді.

Үйлеріне жеткен соң, есекті қора алдына байлап, алдына шөп салды да, өздері қапты алып, үйлеріне тартты. Шаршап келген үшеуі қаптарды үйдің кіре беріс дәлізіне қалдырды да, үшеуі төсектеріне сұлай-сұлай түсіп, ұйқыға кетті.

Таңертең ерте тұрған Шибұт екі серігін жұлқылап оятты.

     – О, тоба, ұйқы берші!

     – Астыңнан су шықты ма, не болды?!

     –  Су шықса мейлі ғой, – деді  Шибұт. – Одан бетер болған жайы бар! Мұнда келіп қараңдаршы!

Шибұттың суық сөзінен кейін, екеуі де үрейленіп атып тұрып, Шибұтпен ілесе ауызғы үйге жүгірді. Шибұт көрсеткен аузы ашық қаптарға қараса, екеуінде де сықап толтырылған тезек!

       – Ет қайда?!.

       – Міне, көріп тұрсыңдар ғой!

–  Сонда біз етті?..

       – Иә, қи-тезекке алмастырып, кемпірге беріп жіберіппіз.

– Ойбай-ау, ол кемпірдің есегінің оң құлағы кесік болып еді ғой?!. – деді    Қылкеңірдек.

       – Ал біздікі ше?!.

Үшеуі көздері бозарып тұрды-тұрды да, далаға атып шықты. Түндегі байлап кеткен есектеріне келіп, құлағына қараса, оның да оң құлағы кесік екен!

       – Мәс-саған безгелдек!!!

   – Сонда біз…

       – Иә, отынын да тиесіп, етімізді де беріп  жіберіппіз, – деді  Шибұт.

– Онда кемпірді қарық қылыппыз ғой!..

       Үшеуі сол жайды еске алысып, шек-сілелері қатып, жерге аунап тұрып күліп алды.

       – Иә, сөйтіп, ай қараңғысында да жетіскенбіз, – деді  Жарғақбас.

       – Кемпір де алғысын бекерге жаудырмаған екен де.

       – Иә, кемпірді – етке, өзімізді алғысқа қарық қылыппыз.

       – Енді мына ай жарығында абай болайық! – деді  Жарғақбас.

       – Дұрыс айтасың. Сақтықта  қорлық  жоқ  дейді.

 

 

***

Үшеуі  ауыл  шетіндегі  ағаш  шарбақты  қоршаудың  жанына  келеді.

       – Малтүгелдің  қорасы  осы  ма? – деді  Қылкеңірдек.

       – Иә, осы, – деді  Шибұт шарбақтың  жыңғыл  шыбықтарын  бір-бірлеп  суырып  тұрып. – Кеше  жыңғыл  шыбықтары  оңай  алынатын  осы  тұсты  белгілеп  кеткем.

   – Малтүгел  үйінен  шығып  қалып, масқара  болып  жүрмейміз  бе?

   – Қорықпай-ақ  қойыңдар, – деді  Шибұт. – Малтүгел  қазір  Қойбағардың  үйінде  қонақта. Әне, үйінің  терезесінен  де  от  көрінбейді. Кәне, еріңдер  соңымнан, – деп  өзі  аршылған  қуысқа  сүңгіп  кетіп еді, қалған  екеуі  де  жан-жақтарына  қарап  алып, Шибұттың  артынан  ілесті.

Бір  уақытта  жаңағы  қуыстан  бірінен  кейін  бірі  тайыншадай-тайыншадай  үш  қошқар  атып  шығады. Қошқарлардың  үстінде  әлгі  үшеуі. Шаңырақтай  мүйіздерінен  қатып  ұстап  алған. Қошқарлар  арқаларындағы  желімдей  жабысқан  бәледен  құтылмақ  болып, мөңкіп-мөңкіп  көкке  шапшиды. Аяқтары  жерге  тигенде, мүйіздері  бір-біріне  «тарс-тұрс» соғылады. Түнгі  дауыс  қатты  жаңғырығады. Иттер  жан-жақтан  арсылдап, ауылды  басына  көтереді.

      – Ал, сайыпқырандар, –  деді Шибұт. – «Қашпақ  болсаң  зымыра» деген. Қошқарлардың  басын  мына  жаққа, ауыл  сыртындағы  жыңғыл  тоғайға  бұрыңдар. Бізді  иттердің  өзі  әспеттен  шығарып  салмақшы.

Айтқандай-ақ, ауыл  иттері  де  жан-жақтан  арсалаңдап  келіп  қалып  еді.

       – Иә, баста, әйт, шу-у, тұлпарым! – деп  Жарғақбас  қолыңдағы  шыбықпен  қошқардың  құйрығынан  салып  қалады. Қошқар  ытырылып  алға  ұмтылады.

– Мына  иттерге  жеткізбей  құстай  ұш, сұңқарым! – деді   Қылкеңірдек те  артына  қарап.

Бұл  дүрбелеңнен  екі-үш  үйдің  терезелері  жанып, бір-екі  үйдің  есіктерінен  адамдар  да атып шыққан. Ал біздің сайыпқырандар қой арқасына  кенедей  табысып, мүйіз-рөлдеріне  тастай  жармасып, қараңғылыққа  сүңгіп  барады. Тек  Жарғақбастың  қазандай  басы  ғана  ай  жарығына  шағылыса  жарқырап, қой  үстінде  жоғары-төмен  теңселеді. Түнгі  қараңғылыққа  аққан  жұлдыздай  сіңіп  барады…

 

 

***

Үшеуі  үйлеріне  сүйретіліп  жетіп,  төсектеріне  сұлай-сұлай  кеткен.   Содан  күні  бойы  ұйқы  соғып,  түс  қайта  бір-ақ  оянды

–  Ту-у, күн  екіндіге  дейін  сеспей  қатып  ұйықтаппыз  ғой, – деді

Шибұт басын  ұстап. – Денем  құрысып, басым  шарадай  болып  тұрғаны. Қошқарлармен  түнімен  сүзісіп  шыққанмын  ба, қалай?

      – Сенің  басың  шарадай  болса, менің  басым  қандай  болғаны? – деп  күлді  Жарғақбас. –  Менің  де  денем  құрысып, кәдімгі  түнімен  көкпар  тартып  шыққандай  болып  тұрмын.

      – Бірің  қоймен  сүзісіп, екіншің  көкпар  тартсаңдар  да, кәне, жиналыңдар! – деді  Қылкеңірдек. –  Тоғайдағы  жыныс-қамалымызға  тезірек  барайық. Кешегі  қойларымызды  күн  батпай  сойып  алайық.

Үшеуі  жол  қапшықтарына  керек-жарақтарын  салып, арқаланып  жолға  шықты. Жыра-жықпылдың, ну  шалғынның  арасымен  жүре  отырып, ағаш  арасындағы  жасырын  мекендеріне  де  жетті. Қоршау  ішінде  кешегі  қойлары  жайылып  жүр  екен. Үшеуі  артынып-тартынып  қораға  кіре  бергендері  сол  еді, арттарынан: «Баукеспелер, тоқтаңдар, қолдарыңды  көтеріңдер!» деген  дауыс  шықты. Үшеуі  көздері  бозарып, қолдарын  көтеріп, арттарына  бұрылып  еді, мал  иесі  Малтүгел  мен  Қойбағарды  және  қару  кезенген  екі  полицейді  көрді.

Полицейлердің  бірі  Қылкеңірдектің  иығындағы  арқанды  алып, оларды  бір-біріне  көгендеп  байлайды.

      – Малды  ұрлаған  осы  сойқандар  екенін  қалай  білдіңдер?деді полицейдің  бірі  Малтүгел  мен  Қойбағарға  қарап.

      – Түн  жарымында  ауыл  азан-қазан  болған  соң, Қойбағар  екеуміз  далаға  атып  шыққанбыз. Біздің  қораның  сыртында  қарайған  біреулер  ойқастап  жүр  екен. Қараңдаған  екеуін  ажырата  алмасақ  та, мына  Жарғақбасты  шырамыттық.

      – Қалай  шырамыттыңдар?

   – Өйткені, оның  мына  жарғақ  басы  ай  жарығынан  шағылысып, жарқырап  көрінді.  – деді  Қойбағар  әңгімеге  араласып. – Бір  болса, сол – Жарғақбас-ау  деп  топшылап  едік. Міне, сіздерді  ертіп, үшеуінің  артынан  аңдып  келгенімізде, мал  жасырған  тұрақ-мекендерінің  дәл  үстінен  шықтық  қой.

– Енді  тартыңдар  сазайларыңды! – деді Малтүгел үшеуіне  кіжіне  қарап.

  – «Ұрлық, ұрлық  түбі – қорлық» деген  осы, – деді Қойбағар  серігін  қостап.

Сөйтіп, полицейлер  Жарғақбас, Қылкеңірдек, Шибұт үшеуін қосақтап,  ауылға  айдап  апарды. Беттеріне  қара  күйе  жағып, есекке  теріс  отырғызып, ауыл  халқының  алдында  әбден  масқаралады  дейсің! Үшеуі  жұрт  алдында  әбден  қарабет  болып,  ендігіде  ұрлық  жасамауға  қатты  бекінді.