Кеңес ертегі

Аттракциондағы арпалыс

      Балалар, халық  аузында  мынандай  шағын  ертегі  бар  екенін  бәрің  білесіңдер:

Ертеде  Жарғақбас, Қылкеңірдек, Шибұт  деген  үш  ұры  болған  екен. Бір  күні  олар  ұрлыққа  аттаныпты. Көздеген  жеріне  жеткен  соң, ауылдың  жатқан-жатпағанын  бақылап, шолып  келу  үшін, олар  біреуін  жібермек  болыпты.

Қылкеңірдек  жанындағы  серігіне:

– Ал, Жареке, ауылдың  жатқан-жатпағанын  бақылап, шолып  келу  үшін  бұл  жолы  сен  барып  келесің  бе? – дейді.

Жарғақбас  орнынан  тұрады:

– Барсам  барайын.  – Қолындағы  қапшығын  Шибұттың  алдына  қойып, қолына  түкіреді. –  «Күн  жаз, ет  аз» деген, нартәуекел!

Ол  жөнеп  береді. Жота  басына  шыққанда,  ар  жағынан  ауыл  оттары  көрінеді. Етекке  түсіп  келе  жатқанда, оның  айға  шағылысқан  жарғақ  басын  жарық  көзі  деп  қалса  керек, бір  жәндік  айналшықтап  шықпайды. Ол  айналып-айналып  келіп, Жарғақбастың  жылтыр  басына  қонады. Жарғақбас  қолымен  жасқап, оны  ұшырып  жібереді. Жәндік  шыркөбелек  айналып-айналып  барып, Жарғақбастың  маңдай  тұсына  тағы  қонады. Басы  жыбырлап, ыза  болған  Жарғақбас  «Тпу, иттің  баласы!» деп, балғадай  ауыр  қолымен  жәндікті  өлтіремін  деп  басына  бір  қояды. Шытынап  тұрған  жарғақ  басы  қақ  жарылып, өзі  кескен  теректей  «гүрс» құлап, сол  жерде  жан-тәсілім  етеді.

 

 

***

– Бие  сауымдай  уақыт  өтті. Бұл  сорлы  қайтпады  ғой, оған  не  болды  екен  ә? – деді  Шибұт  тыпыршып.

       – Иә, қатты  кешікті. Сен  барып  жағдайын  біліп  келші.

    – «Баланы  іске  бұйыр, соңынан  өзің  жүгір» деген  осы. Барсам  барып  келейін.

Ол  орнынан  тұрып, қолындағы  заттарын  Қылкеңірдектің  жанына  қояды  да, өзі  жорта  жөнеледі. Қыр  асып, Жарғақбастың  ізімен  жүріп  келе  жатқанда, шөп  арасынан  серігінің  басы  жарылып  өліп  жатқаны  үстінен  түседі.  Шибұт шошып:

– Астапыралла! Қа-ап!!!  – деп,  екі  қолымен  санын  бір  соққанда, шидей  аяқтары «шарт» сынып, ол  да  сол  жерде  сеспей  қатады.

 

 

***

Қылкеңірдек  Жетіқарақшы  жұлдызына  қарап  тұрып:

– Міне, ет  пісірімдей  уақыт  өтті, екеуінен  де  хабар  жоқ. «Қойшы  көп  болса, қой  арам  өлер» дейді, бұлар  іс  тындырып  жарытпас, өзім  барайыншы.

Ол  орнынан  тұрып, жердегі  қапшық  пен  жүгенді  иығына  артып, серіктерінің  соңына  түседі. Қырқадан  асып, із  кесіп  келе  жатқан  ол  шөп  арасынан  екі  серігінің  тырапай  асып, өліп  жатқанын  көреді.

Қылкеңірдек  қатты  шошып:

– Ой-ба-ай!!! – деп, бақырып  қалғанда,  қылдай  кеңірдегі  түйіліп, «бырт»  етіп  үзіліп, ол  да  сол  жерге  «гүрс» құлайды.

     Сөйтіп, ұрлыққа  аттанған  үш  бақыр  мақсаттарына  жете  алмай, ауыл  сыртында  үш  жерде  тырапай  асып, өліп  қалыпты.

Әдемі, қызықты  басталған  ертегі  осылай  тез  бітіп  қалады. Өкінішті, ә?!

 

 

***

  Дегенімен, мен  сендерді  қуантайын, балалар, олар  өлмеген  екен! Үшеуі  ел  арасында  жүрген  көрінеді. Мен  солардың  бастан  кешкен  қызықты  оқиғаларына  куә  болып,  қағазға  түсірген  едім. Кәне, онда, жақсылап  жайғасып, оқиық, ә?!

 Ал, жоғарыдағы  оқиға  былай  өрбіген  көрінеді: Бір  күні  біздің  үш  сайыпқыран  ұрлыққа  аттаныпты…

     Жарғақбас, Қылкеңірдек, Шибұт  үшеуі  ай  қараңғысында  соқпақ  жолмен  төбе бөктеріне  көтеріліп, біраз  тыныстап  алу  үшін   қой  тастарға  отыра-отыра  кетеді.

Қылкеңірдек  жанындағы  серігіне:

– Ал, Жареке, ауылдың  жатқан-жатпағанын  бақылап, шолып  келуге   бұл  жолы  сен  барып  келесің  бе? – дейді  біршамадан  кейін.

Жарғақбас  орнынан  тұрады:

– Барсам  барайын.  – Қолындағы  қапшығын  Шибұттың  алдына  қойып, қолына  түкіреді:

– «Күн  жаз, ет  аз» деген,  нартәуекел!

Ол  жөнеп  береді. Жота  басына  шыққанда, ар  жағынан  ауыл  оттары  көрінеді. Ауылдың  бергі  шетіне  вагон-арбалар  мен  үлкенді-кішілі  шатырлар  орналасқан  екен. Жарғақбас  бұлар  не  болды  екен  деп  жақындап  келсе, ауыл  балаларына  қаладағыдай  қызықты  ойын  көрсетеміз  деп, әр  түрлі  ойын  аттракционын  құрып  қойыпты. Адамдары  шаршап, шатыр  не  вагон-арбаның  біріне  жатып  ұйықтап  қалған  болса  керек, айналасынан  бейсәубет  ешкім  көрінбейді. Ол  вагон-арбаның  біреуіне  жақындап  барып, есігін  жайлап  ашып, басын  сұғып  қарап  еді, иесіз  екен. Есік  жақтауындағы  қосқышты  байқап, басып  қалған – іші  толған  неше  алуан  айналар. Жарғақбас  «Бетің  қисық  болса, айнаға  өкпелеме» деп, біреуінің  алдына  жақындап, айнадан  өзінің  қызық  кескінін  көреді: Қазандай  басы  кеседей  болып, есесіне  денесі  зорайып, алып  балуан  денелі  болып  шыға  келгені. Жарғақбас  соған  риза  болып, ұзағырақ  қызықтады. Енді  келесісіне  өтіп  еді, иығының, аяқ-қолдарының  бұлшық  еттері  бұлт-бұлт  етіп  ойнақшып  көрінгені. Жарғақбасқа  ол  да  қызық  болып, айналардың  алдынан  шыға  алмады.

 

 

***

–  Бие  сауымдай  уақыт  өтті. Бұл  сорлы  қайтпады  ғой, оған  не  болды  екен, ә? – деді  Шибұт айналасына  төзімсіздене  қарап.

– Иә, қатты  кешікті. Сен  барып  жағдайын  біліп  келші, – деді  Қылкеңірдек.

      –  «Баланы  іске  бұйыр, соңынан  өзің  жүгір» деген  осы. Барсам  барып  келейін.

Ол  орнынан  тұрып, қолындағы  заттарын  Қылкеңірдіктің  жанына  қояды  да, өзі  жорта  жөнеледі. Шибұт  та  қырдан  асып  қараса, ауыл  шетінен  тізіліп  тұрған  вагон-арбалар  мен  шатырларды  көреді. Айналасында  бейсаубат  адамдар  болмаған  соң, жайлап  жақындап  барып, біреуінің  есігін  ашады. Қосқышын  жағып  қалып  еді, алдынан  көздің  жауын  алатын  көріністер: ат, піл, түйе, есек, жолбарыс, арыстан  және  тағы  басқа  айналмалы  жануарлар  шыға  келгені. Шибұт  есіктің  аузындағы  екінші  қосқышты  басқанда, әлгі  жануарлар  қозғалып, секіріп  айнала  бастады. Шибұт  «Көп  қыдырған  үзбентайға  жолығар» деп  қуанып, бәрін  ұмытып, жануарлардың  алдымен  біреуіне, кейін  келесісіне  ауысып  мініп, мәз-мейрам  болады  да  қалады.

 

 

***

Қылкеңірдек  Жетіқарақшы  жұлдызына  қарап  тұрып:

– Міне, ет  пісірімдей  уақыт  өтті, екеуінен  де  хабар-ошар  жоқ. «Қойшы  көп  болса, қой  арам  өлер» дейді, бұлар  іс  тындырып  жарытпас, өзім  барайыншы.

Ол  орнынан  тұрып, жердегі  қапшық  пен  жүгенді  иығына  артып, серіктерінің  соңына  түседі. Ол  да  алдынан  көлденең  шыға  келген  вагон-арбалар  мен  шатырларға  таң  қала  қарап, жанына  абайлап  жақындайды. Вагон-арбаның  біреуінің  есігін  ашып  қараса, жан  баласы  жоқ. Ішке  кіріп, есік  түбіндегі  қосқышты  қосқанда, көздеп  ататын  тир  ойынының  үстінен  түскенін  аңғарады. Қылкеңірдек: «Жүрген  аяққа  жөргем  ілінер» деген  осы», – деп, жақтауда  жатқан  мылтықты  алады. Көз  алдында  самсап  тұрған  жануарлар  мен  аңдардың  біреуі – қасқырды  көздеп  атып  еді, дәл  тиіп, тырапай  асты. Енді  ол  екінші, үшінші…  аңдарды  атып, қызығына  беріліп  кетті  дейсің…

 

 

***

Бөлме  ішіндегі  айналардың  бәрін  адақтап, асықпай  қызықтап  қарап, мауқы  басылғаннан  кейін  Жарғақбас  түкпірдегі  тағы  бір  есікті  ашады. Бөлмеге  еніп, қосқышты  қосып  қалғаны  сол, алдынан  ертегідегідей  таңғажайып  сиқырлы  әлем  шыға  келеді: Шырмауықтар  мен  алып  ағаштар, үстіңе  құлап  кетердей  төніп  тұрған  тау-тастар  мен  жалт-жұлт  еткен  сүңгілер – бәрі  сондай  әлем-жәлем  және  қорқынышты  көрінеді. Жарғақбастың  бойын  үрей  билеп, жан-жағына  әсерлене  қарап  тұрғанда, кенет, қараңғы  үңгір  түкпірінен  аузын  апандай  ашып, өңешінен  от-жалын  атқан  бір  алып  құбыжықтың  шығып  келе  жатқанын  көреді. Ол  өзіне  қарай  төніп  келе  бергенде, Жарғақбастың  зәресі  зәр  түбіне  жеткені  сондай, есінен  танып  қала  жаздап, «Астапыралла, а-а-а!» деп  ақырып  қаша  жөнеледі.

Бұл  кезде  Шибұт  та  барлық  жануарлардың  үстіне  мініп  көріп, жалығып, енді  басқа  ойынға  аңсары  ауған. Ол  бір  бүйірдегі  есікті  ашып, ішіне  енгені  сол, есінен  тана  жаздады. Көз  алдындағы  таңғажайып  көрініске  аузын  ашып, қарап  тұрғанда, «А-а-а!» деп, алдынан  Жарғақбас  безілдеп  өте  берді. Шибұт «О, тоба! Бұл  неден  қашып  барады?!» деп, бір  бүйіріне  бұрылғанда, сонадайдан  аузын  кере  ашып, от-жалын  атқан  бір  құбыжық  өзіне  төніп  келеді  екен. «Ой-ба-ай!» деп  Шибұт  та  Жарғақбастың  артынан  қол-аяғын  бауырына  ала  ілесе  жөнеледі.

Бұл  кезде  Қылкеңірдек  те  жануарлардың  бәрін  көздеп  атып  тауысып, тағы  не  бар  екен  деп  бөлме  ішін  аралап  жүрген. Алдынан  бір  есікті  көріп, тұтқасынан  ашып  кіре  берді  де, аңқиды  да   қалды. Алдындағы  әлем-жәлем  керемет  көрініске  есі  ауа  қарап  тұрғаны  сол  еді, қалтарыстан «А-а-а!» деп  ақыра  қашқан  Жарғақбас  пен  Шибұтты  көреді. Қылкеңірдек: «О, жаратқан  ием, бұлар  неден  қашып  барады?!» деп, түкпірге  көз  салған. Аузын  керіскедей  ашқан, от-жалын  атқан  бір  құбыжық «ал, жұтам!» дегендей  төніп  келеді  екен. Қылкеңірдектің  де  құты  қашып, «Сақта, құдай, а-а-а!» деп  ақырып, серіктерінің  артынан  безе  жөнелді.

Жер-дүние  төңкерілгендей  қатты  дүрсіл  мен  айқай-шудан  аттракцион  иелері  де  шошып  оянған. Олар  вагон-арбаларынан  дүрліге  атып  шығып, айқай-шу  естілген  ортадағы  биік  күмбез-шатырлы  үйге  қарай  жүгірді. Күмбезді  үйге  кірген  бойда  қосқышты  өшіріп, келесісін  жағып  қарап  еді, үсті-бастары  ұсқынсыз  үш  мишағар  алды-артына  қарамай: «А-а-а!» деп  безілдеп  шапқылап  жүр  екен. Олар  үшеуін  бас  салып  ұстап  алды  да, бақырған-шақырған  күйінде  жамбасқа  алып, сыртқы  есіктен  далаға  қаңбақтай  лақтырып-лақтырып  тастады  да, есіктерін  тарс  жапты.

Үшеуі  жатқан-жатқан  жерлерінде  естерін  әрең  жиып, «Жар  бол, жасаған ием!» деп  орындарынан  кирелеңдей  тұрып, бір-бірін  сүйемелдеп,  келген  жақтарына  сүйретіліп  кете  барды.