Кеңес ертегі

«Ауызбастырық» аспаз — даяшылары

 Біздің  үш  сайыпқыран  бұл  жолы  өздерін  істе  сынап  көрмекке  бекініп, «Деңгене» кентіндегі  Қалжабай  құрдастарын  іздеп  тапқан. Оның  бүгінде  жолы  болып, кенттің  орталығынан  даңғарадай  етіп  «Ауызбастырық» асханасын  ашып, дәурені  жүріп  тұрған. Қалжабай  ежелгі  құрдастарын  құрақ  ұшып  қарсы  алды. Олардың  өтініштерін  де  орындап, аяқтарын  жерге  тигізбей, асханасына  аспаз-даяшы  етіп  қабылдады.

Обалы  не  керек, біздің  сайыпқырандар  да  қолды-аяққа  тұрмай, елгезектікпен  қызмет  етті. Келгіншілер  отырып, жайғаспай  жатып, қастарын  қақса  болғаны, бұлар  кезегімен «ләппай, тақсыр!» деп  алдарына  жетіп  барады. Тілек, өтініштерін  бұлжытпай  орындап, елпілдеп  қызмет  көрсетеді. Олардың  қызметтеріне  жұрт  та  риза, қожайын  да  мәз  болып  жүрген. Бірақ  бойларының  сол  бір  ерекшеліктері  өздеріне  қырсық  болып  жабысқанын  қарашы, бұл  жолы  да  сүрінуден  танбады.

Бірде Жарғақбас  келушінің  алдына  тапсырыс  берген  ас  мәзірлерін  қойып, басын  енді  көтере  бергенде, қайдан  келе  қалғаны, жылтыр  маңдайына бір  көк  шыбын  қонып, ұшып, қайта  қонып,  мазасын  алғаны. Бұл  да  қарап  қалсын  ба, жалпақ  алақанымен: «Мә, саған!» деп  бір қойып  қалады. Қолын  ала  бергенде, мылжа-мылжасы  шыққан  әлгі  көк  шыбын  тапсырыс  берушінің  алдындағы  сорпасына «былш» етіп  түскені. Келуші – бұған, бұл сорпа  бетінде  қалқыған  шыбынға  ала  көзімен  қарап, өш  алу  сонымен  бітті.

     – Ғапу  өтінемін! «Ондай, ондай  ханның  қызында  да  болады», – деп  ақталған  Жарғақбастың  сорпаны  қайтадан  жаңалап  әкелуден  басқа  амалы  қалмады.

Тағы  бірде  Жарғақбас  пештегі  қазанға  су  құйып, бір  бүйірдегі  асадалды  ашып, ішінен  «Күріш» деген  жазуы  бар  қалтаны  алады. Аузын  ашса, күріші  таусылған. Ол  бос  қалтаны  ұстаған  күйі  жер  қоймаға түседі. Қойманың  іші  алакөлеңке. Іргеде  аузы  кең  бірнеше  қыш  құмыра  тұр. Әрқайсысының  бүйірінде, «күріш», «тұз», «жарма», «ноқат» дегендей  жазулары  бар. Жарғақбас  «күріш» деген  құмыраға  жақындап, ішіне  үңіліп  қарайды. Ішіндегісі  онша  көріне  қоймады  ма, жақсылап  қарамақ  болып, аузына  басын сұғады. Қайта  шығарайын  десе, құмыра  аузына  басы  кептеліп, шығар  емес. Әрі  толғап, бері  толғап, қанша  әрекеттенсе  де, басы  шықпай-ақ  қойды. Шығара  алмаған  соң, құмыраны  сол  кептелген  күйінде  басына  көтеріп, қойма  сатысымен  көтеріліп, сыртқа  шығады.

Ас  үйде  тамақ  пісіріп  жүрген  Қылкеңірдек  пен  Шибұт оны  көріп, шошып  кетті:

–  Астапыралла! Бұнысы  несі?!

  – Ойпырай, Жареке, бұл  сенсің  бе?!

Құмыра  ішінен  «Ой-ғұй-ғұй!» деген  түсініксіз  дауыс  шықты. Олардың  оқыс  дауысын  естіп, мансарда-офисінен:

– Ой, сұмдық, мұнысы  несі?! – деп, Қалжабай  да  жеткен.

Үшеуі  жабылып, Жарғақбастың  басын  кептелген  құмырадан, құмыраны  Жарғақбастың  басынан  суырып  шығара  алмай, әлекке  түседі. Соңында  шарасыз  күйге  түскен  Қалжабай  мынандай  шешім  айтты:

– Бұл  құмыра  жөні  түзу  дүниенің  бірі  еді, енді  мұны  сындырудан  басқа  амал  қалмады, – деді  екеуіне  кезек  қарап. – Қалай  сындырамыз?

  – Асханада  ет  шабатын  балта  бар, сонымен  ұрып  сындыруға  болады, – деді  Шибұт. – Мен  қазір  әкелейін…

– «Оқ-оқ, …айды!» деген  дауыс  шықты  құмыра  ішінен.

  – Не  дейді?!

  – «Болмайды» дейді, – деп  «аударды»  Қылкеңірдек.

  – Енді  не  істейміз?

      – Онда  Жарекеңді  бірнеше  күнге  аш  қалдырайық. Арықтаған  соң  басы  кішірейіп, құмырадан  өзі-ақ  шығады.

  – Иә, бұл  да  жөн  екен, онда  менің  құмырам  да  аман  қалады.

Осы  шешімнен  Жарғақбастың  жыны  шыққан  болуы  керек, жерге  тізерлеп  отыра  қалады  да, басына  кептелген  құмыраны  тас  еденге  бір  қояды. Құмыраның  быт-шыты  шығып, Жарғақбастың  мойнында  қалыңдау, дөңгелек  аузы  ғана  моншақ  сияқты  ілініп  қалып  қояды.

Серіктерінің  құмыра  деген  бәлекеттен  босанғанын  көрген  ана  екеуі:

– Бауырым, бармысың?!

      – Жарайсың, ерім!  – деп, Жарғақбасты  емешегі  үзіле  құшақтай  алды.

 Дел-сал  болып  үнсіз  тұрған  Қалжабай:

– «Ақымақ  бұзуға  бар, түзеуге  жоқ» деген  осы! – деді  де,қолын  бір  сілтеп, өз  жөніне  кетті.

   Қылкеңірдек  пен  Шибұттың  да  басынан  осындай  қым-қиғаш  оқиғалар  көп  өткен. Солардың  бір-екеуін  айтып  өтпесем  болмас.

Түстік  уақыты  таяп, қожайынға  да  әдеттегідей  кешенді  асын  дайындап, алдына  апарып  беру  мезгілі  жеткен-тін. Соның  кезегі  бұл  жолы  Қылкеңірдекке  тиген. Ол  үлкен  жайпақ  легенге  сұйық, қою  асты, нан, көкөніс, шай  жабдықтарын  сиыстыра  салып, оны  екі  жағынан  ұстаған  күйі  мансарда-офиске  көтеріледі. Көңілі  хош  екенін  сездіріп:

                                        Тра-лә-ләм! Тра-лә-ләм!

Майға  піскен  қара  нан!

Қарным  ашты  дедің  бе,

Қара  нанды  жедің  бе?

Қара  нан  да  тәтті  екен,

Еңбегі  оның  қатты  екен.

Тра-лә-ләм!  Тра-лә-ләм!.. –

деп  әндетіп, екінші  қабатқа  көтеріліп, есіктен  кіре  бергенде, ұзын  мойын  басын  маңдайшаға  соғып, көзі  «жарқ» ете  қалады. Әкеле  жатқан  тамағы  бөлменің  кіре  берісіне  ақтарылып, өзі  баспалдақпен  сораң  етіп  төмен  қарай  құлдилай  құлады.

Төменде жүрген  екеуі:

      – Ой-бұ-ұй, безгелдек!

 – Сормаңдай-ай! – деп,  құлап  жатқан  серіктерін  екі  жақтан  демеп, тұрғызып  жатты. Жоғарыдан  қожайын  да  жүгіре  шығып:

  – Алда  байғұс-ай! Қатты  жарақаттанды ма, аяқ-қолы, басы  аман  ба? – деп  құрақ  ұшты.

      – Жоғарыдан  аяқ-қолы  сереңдеп, оңбай  құлағаны  болмаса, он  екі  мүшесі  сау  сияқты, басеке. Міне, өз  аяғынан  тұрды  ғой.

  – «Көзі  қарайған  там  сүзер» деген. Бір  нәрсеге  ұрынбаса  жүре  алмайды  бұл  да.

      – Там  сүзе  ме, есік  сүзе  ме, әйтеуір, мені  тамақсыз  қалдырғанын  білемін.

– Әй, ши  аяқ, сені  ме?!. – деп, бұлқан-талқан  болған  Қылкеңірдек   Шибұтты  қуа  жөнелді.

 

 

***

Табақтағы  сүтке  жұмыртқа  жарып, оны  бұлғағышпен  араластырып  тұрған  Қылкеңірдек:

– Нан  илейін  десем, ұн  таусылған  екен, ана  керсенмен  жерқоймадан  ұн  әкелші, Шиеке, – деді  жанындағы  Шибұтқа  қарап.

  – «Жаппарқұлда  жан  бар  ма», қазір  әкелейін, – деп,  Шибұт лып  етіп  керсенді алып, бір  бұрыштағы  жерқойманың  ағаш  есігін  ашық  тастаған  күйі  астына  түседі. Біршама  уақыт  өткеннен  кейін  оның жерқойма  астынан:

– Уа-а-ай! Құт-қа-рыңдар! Құт-қа-рыңдар! – деп шаңқылдаған  жан  даусы  шықты.

  – Жер  жастанғыр! Бұған  не  болды  тағы?! – деп,  Қылкеңірдек пен Жарғақбас  жертөле  аузына  ұмтылды. Екеуі  баспалдақпен  түсіп  қараса, алакөлеңке  жерқойманың  едені  қар  жауғандай  толған  ұн. Орта  тұста  Шибұттың  басы  ғана  қараңдайды. Басқа  денесі  түгелімен  ұнның  астында  қалған.  Шибұт бұларды  көре  салып:

– Тәңірі  жарылқағыр, бар  екенсіңдер  ғой! Мені  құтқарыңдар! – деді шіңкілдеп.

      – Сорлы-ау! Бұл  күйге  қалай  түсіп  жүрсің?! Мына  қалың  ұның  не?!

– Құрысын  бәрі, алдымен  мені  құтқарыңдар!

      – «Баста  ми  жоқ  болса, екі  аяққа  күш  түсер» деген. Бұл  күйге  қалай  түсіп  жүрсің? – деп  екеуі  қалың  ұнды  борпылдаған  қар  сияқты  кешіп  барып, Шибұтты  екі  қолтығынан  демеп  көтеріп, баспалдаққа  қарай  алып  жүреді. Шибұт  болса  екі  көзі  ғана  жылтырап, болған  жайды  баяндай жөнелді:

 – Керсенді  бункердің  астына  қойып, қақпағын  ашпақ  едім, ұн  кептеліп  қалған  ба, суырылмады. Аяғымды  артындағы  қабырғаға  тіреп  суырмақ  болып, соза  бергенімде, бір  нәрсе «тарс» етіп, аяғымды  қыршып  алды. Қатты  ауырсынып, «бұл  не?» деп  көрмек  болып  екінші  аяғымды  созғаным  сол, ол  да  «тарс»  еткені. Екі  аяғымды  ауырсынып, шалқалап  құлай  бергенімде, қақпағы  суырылып, бункердегі  ұн  саулап  қоя  бергені…

      – Ал, аяғындағы  не  екен?

      – Міне, – деп,  ауа  қармаған  екі  аяғын  көрсетеді

Оның  екі  башпайын  да  тышқан  қақпан  қапқан  екен.

 – Ой, ауыртып  барады, бар  болғырлар, қақпанды  босатып  алыңдар!

 – Шыда  енді, сыртқа  шығып  алайық!

Олар  серіктерін  көтерген  күйі  жерқоймадан  сыртқа  шығара  бергенде, қожайындары  да  жетіп  келді.

  – Бұған  не  болған?

  – Жертөледегі  ұн  бункерін  аша  бергенде, аяқтарын  қақпан  қауыпты. Міне…

      – Ой-бу-уй! Сорлап  қалыпсың  ғой!

 – Айтпаңыз! Ал, ана  қоймаңыздың  бүлінгені  одан  бетер…

 – Не  дейт?!. – Қалжабай  жерқойма  аузына  тұра  жүгіріп, ішіне  үңіледі. –  Мәс-са-ға-ан!.. Ұнның  бәрін  ақтарыпты  ғой, бұл  жүгермек.

       – Айтпаңыз…

       – Құлдық, басеке, өзім  бүлдіргенді  өзім  жөндеймін…

   – Жо-оқ, барлығың  жөндейсіңдер!  Жұмыстан  кейін  дем  алмай, түнімен  болса  да, ұнды  жинап, ертеңге  жеткізбей  жертөлені  тазалап  қоясыңдар. Әйтпесе, төрт  тамандарың  құбыла…

       – Біздің  жазығымыз  не, басеке?

       – Жазықтысыңдар  ма, жазықсызсыңдар  ма, ісім  жоқ. Бір  балшықтан  иленгенсіңдер, тауқыметті  де  бірге  көріңдер.

      – Енді, басеке…

   – Айттым – бітті! Барыңдар, жұмыстарың  қалды.

Ана  екеуі  Шибұттың  басынан  бір-бір  нұқып  қойып, бастары  салбырап, өз  жөндеріне  кетеді. Шибұт  болса  ауырған  башпайларын  сипалап  әуре.

 

 

***

Қалжабай  бүгін  асүйге  өте  көңілді  кіріп  келді.

      – Мені  қазір  құттықтауларыңа  болады! Жеңгелерің  ұл  тапты! – деді  өрекпіп.

      – О-о! Бауы  берік  болсын!

      – Өскенде  үлкен  жігіт  болсын!

  – Қол  ұзартатын  серік  болсын!

      – Айтсын!

   – Енді  шілдеханасын  жақсылап  жасайсыз  ғой.

   – Әлбетте, той  істеймін!

      – Онда  тойыңызға  қызмет  етуге  біз  дайынбыз!

   – Бұған  да  мың  шүкір!

      Иә, Қалжабай  айтқанында  тұрып, ұлының  туғанына  қырық  күн  толысымен  «Ауызбастырықтың»  үлкен  залына  өзінің  туыс-жекжат, дос-жаран, көрші-қоландарын  шақырып, мол  дастарқан  жасады. Бұл  тойда  біздің  үш  сайыпқыран  қол-аяқтарына  тыным  бермей, зыр  жүгіріп  қызмет  көрсетті. Қожайындарының  қуанышына  қуаныш  үстеп, қаншама  қалтқысыз  қызмет  көрсетуге  тырысқанымен, өздерінің  тұзы  жеңіл, ұшқалақ  немелер  емес  пе, сол  қасиеттері  кесірін  тигізбей  де  қалған  жоқ. Оның  үстіне  той-жиындарда  әдетте  жиі  жүз  беретін  асығыстық  пен  қарбаластық, абыр-сабыр  тірліктің  де  әсер-ықпалы  аз  тиген  жоқ.

  Үшеуі  қазан-ошақ  басында  әрі-бері  ойқастап  жүгіріп, дегбірі  кетті. Бірі  қайнап  жатқан  етке, енді  бірі  сорпаға  жүгіріп, енді  бірі  аяқ-табақ  түгендеп, той  дайындығына  қызу  кіріскен. Алдымен  Жарғақбас  қазан  жанына  келіп, қақпағын  ашып, сорпаның  қайнамай  жатқанын  көрді  де, астындағы  отын  көбейтіп, ары  қарай  қамыр  жаюға  кетті. Тағы  бірде  Қылкеңірдек  күйбеңдеп  келіп, қазанның  қақпағын  ашып, сорпаның  қатты    қайнап  жатқанын  көрді  де, отын  бәсеңдетісімен, келесі  бір  бітпей  жатқан  щаруа – жайылған  қамырды  шаршылап  кесудің  қамына  кірісті. Абыр-сабыр  үстінде  Шибұт  та  безектеп  келіп, қазанның  қақпағын  ашып  көріп, қатты  қайнап  жатқанын  байқады. Отын  бәсеңдетіп, ары  қарай  әлгіндегі  шаршылап  кесілген  қамырларды  шәулімен  жинап  алып, бауырсақ  пісіруге  кетті. Қылкеңірдек  бөлек  қазанда  езіліп  қайнап  жатқан  бас-сирақты  легендерге  салып, оны  суи  тұрсын  деп  аласа  үстелдің  үстіне  қалдырды  да, өзі  шай  қамдауға  кірісті. Маңдайынан  тер  тамшылаған  Жарғақбас  бет-аузын  алжапқышымен  сүрте  сала  ыстық, қапырық, буланған  бөлмені  желдетейін  деп  сыртқы  есікті  ашып  қойды. Өзі  дайын  шайнек-кеселерді  легенімен  көтеріп, дастарқан  басына  алып  кетті.

Ал  бұл  кезде  жиын  басында  әуезді  шілдехана  әні  орындалып, көпшілік  алдарындағы  тағамдарға  қол  созып, думанның  атмосферасына  кіріп  кеткен.

Біздің  сайыпқырандар  бұл  жерде де зыр  жүгіріп, шайнек-кеселерді  түгендеп  қойып, қонақтарға  шай  берді. Одан  кейін  бірінші – сұйық  сорпаларын  әкеліп, алдарына  тартты. Дастарқан  басындағы  қонақтар  қасықтарын  ауыздарына  апарып, ұрттап  іше  бергендері  сол, бірінен  кейін  бірі  қақалып-шашалып, бет-ауыздары  тыржиып, алдарындағы  кеселерін  кері  ысырып, әбігерге  түсті. Мұны  байқаған  Қалжабай «бұлар  неге  бүйтеді?» деп  ойлап, өзі  де  сорпасынан  татып  көрді  де, еріндерін  жымырып, аузындағысын  қинала  жұтып, жасаураған  жанарымен  Қылкеңірдекті  тауып, оны  жанына  шақырды.

     – Әй, «ши  мойын», мынауың  не?! Мә, өзің  ішіп  көрші! – деп  кесесін  қолына  ұстатты. Қылкеңірдек  бір  ұрттады  да, аузы-басы  қисаңдап:

     – Тұзы  көп  екен, – деді.

     – Соны  мен  сенен  сұрап  тұрмын – неге  аямай  көп  салғансыңдар?

  – Енді, тамақты  үшеулеп  істегеннен  кейін, ептеп…

     – Ептегендеріңе  болайын! Тойымның  сәнін  бұздыңдар  ғой! Мына  тұзды  сорпаларыңды  алып  кетіңдер! Ал, сендермен  шаруаларым  ертең  болсын!..  – деп,  қолыңдағы  кесесі  дірілдеп, сасқалақтаған  Қылкеңірдекке  түйіле  қарады. – Етті  кешіктірмей  әкеліңдер!

 – Құп  болады!

Олар  көп  кешікпей  бірінен  кейін  бірі  ет  толы  табақтарды  үстел  үстіне  жайғастырып, сүлгі, үлбірек  қағаз, пышақтарды  орын-орындарына  қойып  жатты. Бір  кезде  Жарғақбас үстінде  пышағы  бар  легенімен  Қалжабайдың  жанына  кібіртіктей  жақындап  келеді.

–  Басеке, бас  жоқ…  – деді  үні  бәсең  дауыспен.

  – Үнің  өшкір, басың  жоқ  екенін  білемін, не  деп  тұрсың?

     – Қойдың  басы  жоқ  деймін.

  – Қойдың  басы?!.

     – Иә, қойған  жеріме  барсам, орнында  жоқ. Әрі-бері  іздеп  көріп, бір  уақыт  ашық  есіктен  сыртқа  қарасам, сұғанақ  ит  тартып  кетіпті, далада  басты  кеміріп  жатыр  екен…

 – Ой-ба-а-ай! – деп  Қалжабай   үстелді  бір  қояды. – Бассыз  дастарқанның  не  сәні  қалды?! Бәрін  құрттыңдар  ғой! Әй, қайдан  тапсаң, онан  тап, басты  тауып  әкел!

     – Басеке, өз  басымды  қоям  ба? Жоқ  басты  қайдан  табам?

     – Бар! Сендермен  шаруам  ертең  болсын!..

     – Кешіріңіз, басеке…

     – Бар  дедім  саған!..  Отырса – опақ, тұрса – сопақ, ақырын  жүрсе – балпаң, қатты  жүрсе – шаңды  аяқ, сөйлесе – қу  ауыз, сөйлемесе  дорба  ауыз! Сендерге  дауа  жоқ!

 

 

***

Келесі  бір  мезетте  біздің  сайыпқырандар  бір  қолдарымен  оюлы  сандықшаларды – «Тойбастарды» көтере  ұстап, екінші  қолдарын  арқаларына  қойып, салтанатты  шеру  құрып  шыға  келді.  Олар  әсем  әуезді  музыка  әуенімен  ырғала  жүріп,  зал  бойымен  бір  айналым  жасап  шықты.  Жұртты  тамсандырып,  келесі  айналымды  жасай  бергені  сол  еді,  кенет,  қызық  болғаны. Алдарында  келе  жатқан  Шибұттың  аяғы  бұрылыс  жасай  бергенде  жылтыр  еденнен  тайып  кетіп, жерді  сүзе  етпетінен  сұлап  түсті.. Артынан  ілескен  екеуі  де  оның  денесіне  сүріне  үстіне  ұмар-жұмар  құлады. Алып  жүрген  тойбастар сандықшалары  жерге  домалап, ішіндегі  бар  дүниелері  ақтарылды  да  қалды.

– Астапыралла!

– Құдай-ай! – деп,  жұрт  шу  ете  қалды.

Мұны  көріп  тұрған  Қалжабай  көзі  бозарып, басын  екі  қолымен  ұстаған  күйі  есінен  танып, жалпасынан  құлады.

 

 

 

***

Ертеңінде  Қалжабай  біздің  сайыпқырандарды  құйрықтарынан  бір-бір  теуіп, асхана  қақпасынан  қуып  шығарды.