Кеңес ертегі

«Соңғы түйенің жүгі ауыр»

       Үшеуі  үй  алдындағы  ағаш  көлеңкесінде  отыр.

– Ұрлық  жасап  жарытпадық, – деді  Қылкеңірдек екеуіне  кезек  қарап. –  Қайта  дүйім  елге  ұры  атымыз  шығып, масқара  болдық. Енді  немен  айналыссақ  екен? Әлде, екі  қолға  бір  жұмыс  деп…

–  Қарақшылықпен  айналысайық! – деді  Жарғақбас  серігінің  сөзін  бөліп.

   – Қарақшылық?!

       – Иә, Тескентаудың  бойындағы  ұлы  сауда  жолын  білесіңдер  ғой. Сол  жолмен  ерсілі-қарсылы  сауда  керуендері  өтеді. Міне, соларды  тонаймыз.

       – Бәрекелді! – деді  Шибұт  сұқ  саусағын  шошайтып. – Бұл – ұрлық  жасағаннан  гөрі  беделдірек  кәсіп. Әрі  ауылдастарыңды  емес, бөтен  адамдарды – шетжұрттықтарды  тонайсың. – Жарғақбастың  басынан  сипайды. –  Мынау  жай  бас  емес, алтын  бас қой!

Жарғақбас  та өз  басын  мақтанышпен  сипайды.

   – Ендеше, бұл  жорықты  қай  жерде, қалайша  жүзеге  асырамыз – жоспарын  құрайық. – деді  Қылкеңірдек.

  • «Тентек шоқпар  жинайды» деген,  қару-жарағын  да  қамдайық.

     –  «Өткеннің  орағын, кеткеннің  кетпенін  алу  үшін  де» күш  керек. Күресіп, алысып  жаттығайық.

     – Онда «ұрыста  тұрыс  жоқ», ал  кірістік…

Екеуі  Жарғақбасты  ортаға  алып, жоспар  жасауға  кірісті. Ертеңіне үшеуі  ағаш  басына  өрмелеп, бұтақ  кесіп, сойыл-шоқпар  жасауға  отырды. Үй  алдында  алысып-жұлысып, күш  сынасуды  да  ұмытпады.

 

 

***

Тескентау  өткелі  аузында  біздің үш  қарақшы  шайла  тігіп  жатқанына  біраз уақыт  болды. Белдерінде – басы  кішігірім  қауындай  жұмырлап  жонылған  ағаш  шоқпар. Тескентаудың  биігіне  кезек-кезек  шығып, жол  қарайды.

Үшеуі күні бойы жол аңдып, қатты жалықты.

      – Фу, ішіміз пысып кетті ғой! Кәне, бір ермек табайық, – деді  Шибұт.

      – Қандай ермек?

      – Мәселен…  – басын  қасып  тұрып  сайда жайылып жүрген есектеріне көзі түседі. –  Ау, анау есектерімізді жарыстырып ойнайық.

Қылкеңірдек мойнын созып жолға қарап:

– Ақыры бүгін  аңдыған  жемтік-саудагерлеріміздің  келмейтін  түрі бар. Онда сөйтсек-сөйтейік.

Үшеуі сайда жайылып жүрген есектерін жетектеп, қара жолдың үстіне әкеледі. Үш есекті қатарынан тұрғызып жолға қаратады да, қолдарындағы шыбықтарымен олардың бөкселерінен салып-салып қалады.

      –  Ы-һы! Ы-һы! Кәне шабыңдар!..

Бірақ есектерінің орындарынан қозғалатын түрі көрінбейді. Жондарына батқан шыбықты да елемей, есектік мінездеріне бағып, тұқырып бір орында тұрды да қойды.

      – «Жүгі жеңіл есек жатаған келеді» дейді. Енді қайтеміз, ә?

      – Бұларды қалай жарыстырамыз?

      – Қандай амал бар?

      – Е, тап-тым! – деді Қылкеңірдек. – Қожанасыр әпендінің есегін қалай жүргізгенін білесіңдер ме?

      – Қалай?

      – Алдына шөп байлап қойып жүргізеді ғой.

      – Оп, бәрекелді! Біз де сөйтейік!

      – Сенің де таппайтының жоқ! – деді  Жарғақбас.

Үшеуі сайда өсіп тұрған қара талдың қураған ұзын бұталарын  сындырып әкеліп, оларды есектерінің  мойындарына байлады. Есектерінің бастарынан асып тұрған бұтаның екінші басына дайындап қойған құрақ шөптің  бір-бір шөмелесін байлап қояды. Сөйтіп, есектерінің басын қоя беріп еді, есектері шөп жеймін деп бастарын созып дедектеп жүріп кетті. Үшеуі шайлаларының астында жатқан күйі қарқылдап күліп, есектерін қырдан асқанша көздерімен шығарып салды.

       – Иә, олар қайда кетер дейсің, иелері біз емеспіз бе, қайтып келер.

       – Дұрыс, «Ат айналып қазығын табар» деген, ерте ме , кеш пе қайтып оралар.

       – Қайсысы озып бірінші келсе соның иесі жеңген болып шығады, соған бәстесейік, – деді  Жарғақбас.

       – Келістік!

Бірақ күн кешкіріп, есектері қайтып оралмады, сол кеткеннен мол кетті. Үшеуі оларды күте-күте жалығып, кешкі астарына отырды. Шайлаларына түнеп, таң атқанда да есектерінен хабар болмады.

       –  «Ақымақтың ақылы түстен кейін кіреді» деген,  біз де ақымақпыз, – деді  Жарғақбас. – Бастарында шөп тұрғанда қайтып оралушы ма еді.

    – Иә, сонысы да бар екен,  оны біз ескермеппіз ғой.

      – Бір реті табылар, соған алаңдамай-ақ қойыңдаршы, – деді  Шибұт. – Біз тонайтын саудагерлердің де ат-көлігі бар шығар.

      – Иә, Шиекең жөн айтады, – деді  Қылкеңірдек. – Одан да жолымызды ториық. Кімнің кезегі еді?

      – Есің дұрыс па, бүгін санамақты қайта бастаймыз, – деді  Жарғақбас. – Кім соңында қалса, сол бастап кезекке тұрады.

Қылкеңірдек үшеуін сұқ саусағымен түртіп, санамақты жүргізеді:

– Әдім бәдім шума-шу, шим-ширика атам бу,  бума бели баран тас, ско-рида пиди шаш!..

Бұл  жолы  төбе  биігіне  Қылкеңірдектің жол қарайтын кезегі түсті.  Ана  екеуі  шайла  астында  жатыр. Жай  жатқан  жоқ, беттеріне  қонған  шыбындарды  қағып  жатыр. Шибұт бетіне  қонған  шыбындарды  қолымен  қағып  алады. Ұстаған  шыбындарын  Жарғақбасқа  көрсете  жерге  тастайды:

– Мен  екі шыбын  ұстадым!

Жарғақбас   та  қағады. Ұстаған  шыбындарын  Шибұтқа  көрсете  жерге  түсіреді:

– Ал, мен  жеті  шыбын  өлтірдім!

      – Әрине, сенің  басың  үлкен, содан…

      – Әңгіме – бастың  үлкендігінде  емес, ептілікте, –деді Жарғақбас.

      – Жоқ, ептілікте  емес, бастың  үлкендігінде.

   –Үлкендігінде  емес, ептілікте!

    – Онда  кел, мен – сенің  басыңды, сен  менің  басымды  қориық.    

      – Сөйтсек, сөйтейік, –деді Жарғақбас.

Екеуі  бір-бірінің  бастарын  қоруға  көшеді.

– Бір  керуен «майшелпек» келе  жатыр! – деп  айқайлады Қылкеңірдек төбе  басынан. – Дайындыққа  кірісіңдер!

Ана  екеуі  орындарынан  ұшып-ұшып  тұрады. Үшеуі  өткел  аузындағы  өз  орындарына  барып  жайғасып  алды. Өзара  сыбырласа  сөйлесіп, «майшелпекті» басып  алудың  жайын  талқылауда. Қылкеңірдек:

      – Керуен – он  екі  түйе, қарулы  адамы  төртеу  екен.

     – Онда  шабуылдап  тиісуге  болмайды. – деді  Шибұт. – Күштері  басым.

  – Соңғы  түйесін  білдірмей  қағып  алайық.

  – Иә, «Соңғы  түйенің  жүгі  ауыр» дейді. Бұл  да  жөн  екен.

     – Иә, сәт!

     – Олар  жақындап  қалды, жым  болыңдар! – деді  Қылкеңірдек.

Өткел  аузынан  алдымен  керуен  басы  бастаған  кірешілер  мен  күзетшілер  өтті. Олардың  соңын  ала  бір-бірінің  жетегіне  еріп, маң-маң  басқан  түйелер  ілесті. Соңғы  түйесі  өткел  аузына  жақындай  бергенде, біздің  қарақшылар  үш  жақтан  мысықтабандап  шыға  келді. Қылкеңірдек  түйенің  бас  жібіне  жармаса  кетті. Арқанын  шарт  кесіп, басын  кері  бұрмақ  болып  тырбаңдады. Шибұт  өркешіне  өрмелесе, Жарғақбас  қамшысымен  артынан  айдауға  көшті.

Бірақ, сор  айдағанда, түйе  қырсық  болып  шықты. Алдыңғы  түйелерден  бөлініп  қалғысы  келмей, кейін  шегіншектеп, төрт  тағандап  тұрып  алды. Онысымен  қоймай, ұзын  мойнын  созып, қақшып  тістеп  алмақ  болды. Болмаған  соң, Жарғақбас  та  алдына  шығып, Қылкеңірдекпен  екеулеп  бас  жібінен  тартуға  кірісті. Кенет  түйе  аузындағы  көбігін  бұрқылдатып, алдымен  Қылкеңірдекке, кейін  Жарғақбастың  бетіне «былш-былш» еткізді. Ана  екеуі  көбік  басқан  беттерін  сүртумен  әуре  болып  тұрғанда, түйе  басын  оқыстан  жоғары  шұлғып  тартып  қалды. Бұйда  жібі  екеуінің  де  қолынан  сусып  шығып  кетті. Бұдан  кейін  ол  тірі  адамға  бой  бере  ме.

     – Ал, Шиеке, бар  үмітіміз  сенде! – деді  Қылкеңірдек.–Теңдерін  жылдам  түсір! Құрығанда  соларын  алып  қалайық.

Шибұт түйе  үстінде  әбіржіп, жыламсырайды:

– Бұларды  мен  қалай  түсірем?..

 – Пышағыңды  ал, арқанын  кес!

 – Ә-ә, солай  ма?

Ол  жалма-жан  беліндегі  пышағын  алады  да, теңді  байлаған  арқанды  кеседі. Жүктері  жерге  топ-топ  етіп  құлайды. Артынша  өзі  де  сыпырылып  түседі. Босанған  түйе  өз  жөнімен  кетеді.

     – Әрқайсымызға  бір-бір  теңнен  екен. – деді Қылкеңірдек. – Иелері  келмей  тұрғанда, жартас  астындағы  үңгірімізге  тасып, жасырып  үлгерейік. Кәне, болыңдар  тез!

Өзі  теңнің  біреуін  иегіне  тигізе  көтеріп, мықшыңдай  жөнеледі. Жарғақбас  та  екіншісін  арқалап, серігінің  артынан  ереді. Тек  Шибұт  қана  жіңшке  тірсектері  майысып, жүкті  көтере  алмай  әуреге  түседі. Әрі  тырбаңдап, бері  тырбаңдап, теңді  орнынан  қозғалта  алмай  қара  терге  түсті. Ызаланғаннан  жүкті  теуіп-теуіп  жіберді.

   – Ау, тоқтаңдар! Мені… жүгімді  тастап  қайда  барасыңдар?! – деді  серіктеріне айқайлап.

Ана  екеуі  жүктерін  жерге  қойып, арттарына  қарайды.

– Әй, сен, орныңнан  да  қозғалмапсың  ғой. – деді Қылкеңірдек маңдай  терін  сүртіп. – Не  қып  тұрсың  қара  басып?!

      – Бо-ол, жүгіңді  алып  тезірек  ілес!

– Көтере  алсам, арттарыңнан  ермеймін  бе? – деді  Шибұт жыламсырап. –Аяқтарым  майысып, шамам  келмей  жатыр. Маған  жәрдем  беріңдерші!

– Саған  жәрдем  берсек, біздің  жүгімізді  кім  көтереді, ақымақ?! – деді  Жарғақбас ашуланып, – Ойланып  сөйлесейші!

      – Ойлануға  да  мұршам  жоқ  қой  мен  сорлының! Ең  құрығанда, өз  жүктеріңнің  тұсына  дейін  жеткізіңдерші, айналып  кетейіндер!

   – Ал, содан  кейін  ше?

      – Одан  кейін  және  көрерміз.

– Сорлыға  бір  жолға  көмектесейік, – деді  Қылкеңірдек Шибұтты  аяп.

Екеуі  серіктерінің  теңін  екі  жақтап  көтеріп  әкеле  жатқан. Шибұт  олардың  арасында  жәрбеңдеп  зыр  жүгіреді. Қалтасынан  орамалын  алып, алдымен  Қылкеңірдектің  маңдайын, содан  кейін  Жарғақбастың  маңдайын  сүртіп  бәйек:

     – Енді  азғантай  қалды. Күшенсеңдер  жетесіңдер. Бір, екі, үш…

–  Әй, жап  аузыңды!

Олар  теңді  өз  жүктерінің  жанына  жеткізіп, «уф!» деп, демдерін  алды.

  – Бұларды  енді  анау  иек  астындағы  сайға  жеткізіп, жасырынып  үлгерсек  жарар  еді, – деді  Қылкеңірдек.

Мына  шыңқетердің  жүгі  болмағанда, жетіп  те  алар  едік  қой. Ал, тезірек  қозғалайық  енді.

  – Алдымен  менің  жүгімді  апарыңдаршы.

  – Ал  біздің  жүкті  ше?

     – Кейін  үлгересіңдер…

Дәл  осы  мезетте  ат  тұяғының  дүбірі  естіледі. Өткел  аузынан  төрт  салт  атты  шыға  келеді.

– Ал, шоқпарларыңды  сайлаңдар! – деді  Жарғақбас беліндегі  қаруына  жармасып.

Олар  қаруларын  кезеніп  тұрғанда, салт  аттылар  да  жетеді. Шауып  келген  бойда  арқандарын  лақтырады. Үшеуі  не  болғанын  түсініп  үлгергенше, арқан-тұзақ  оларды  қолдарымен  бірге  шырмап  алады. Бір  кезде  үшеуі  де  ат  артында  сүйретіліп  бара  жатты. Олар  сол  сүйреген  бойы  бірнеше  айналым  жасап, қарақшыларымыздың  сілікпесін  шығарды. Олардың  құр  айқайлағаннан  басқаға  шамасы  келмеді.

     – Болды, жетеді! – деді  керуенбасы. – Үшеуін  де  ағаш  діңіне  шырмап  байлап  тастаңдар!

Арқан  тартқандардың  үшеуі  де  аттарынан  секіріп  түсіп, біздің қарақшыларды  дедектете  сүйретіп  апарды  да, жуан  ағаштың  діңіне  қатар  тұрғызып, арқанмен  орап  тастады. Кейін  әлгі  теңдерді  аттарына  артты  да, өз  жөндерімен  кете  барды.

Біздің  сайыпқырандар  бір  уақытта  барып  бастарын  көтеріп, естерін  жиды.

– Иә-ә, «пәлен  жерде  батпан  құйрық, барсаң  түк  те  жоқ» деген  осы, –  деді  Қылкеңірдек күрсініп.

      – Қайта  аман  қалғанымызға  шүкір  де.

      – Шоқпарымызды  да  сілтеп  үлгермедік-ау.

– Жап  аузыңды, саған  не  жоқ! – деді  Жарғақбас  ызаланып. – «Өзің  көтере  алмайтын  шоқпарды  беліңе  байлама» деген…  Сенің  кесіріңнен  осындай  бейшара  халге  түстік  емес  пе!