Кеңес ертегі

Спорт деген бір сиқыр

      Біздің  сайыпқырандар  өмірдің  бір  кезеңіндегі  сәтсіздіктен  тағы  да  таяқ  жегенімен, олардың  алдағы  өмірге  деген  талпынысы  мен  құштарлығын  тіптен  сөндіре  алмаған. Біздің  бұл  пікірімізді  олардың  көше  бойымен  қыдырыстап  жүрген  еш  алаңсыз  көңілді  кейіптері  мен  хошуақ  сөздері  растап  тұрғандай  еді. Анығында  олар  ертеңгі  күндеріне  жоба-жоспар  құрып  келе  жатқан.

– Меніңше, полицейлік  қызмет  те  жаман  емес, – деді  Шибұт жанындағы  екі  серігіне  кезек  қарап. – Біріншіден, қоғамдық  тәртіп  сенің  қолыңда  болады. Екіншіден, сәнді  де  салтанатты  киімдерін  айтсайшы, жұртқа  шекесінен  қарап, шікірейіп  жүресің.

 – Олай  болса, мүмкін, әскери  қызметкер  немесе  ұшқыш  болған  жөн  шығар. Олардың  да  киімдерімен  шікірейіп  жүруге  болады.

– Несі  бар, – деді  Шибұт бәрі  өз  қолында  тұрғандай  шырт  түкіріп. –  «Өнерді  үйрен, үйрен  де  шірен» деген!..

Дәл  осы  кезде  әңгімеге  араласпай  үнсіз  келе  жатқан  Қылкеңірдекті  арттарынан  келе  жатқан  біреу  абайсызда  қағып  құлатып, басын  бұрып «кешіріңіз» деді  де, сол  жүгірген  бойымен  кете  барады.

– Кешіріміңді  басыңа  жақ! – деді  Қылкеңірдек  орнынан  тұрып, үстін  қағып  жатып. – Соқыр  болсаң, несіне  жүгіресің?!

– Тап-тым!!! – деді  Шибұт  айқайлап. – Мына  жүгірген  жүгірмек  сияқты  спортшы  болсақ  қайтеді? Мен, мәселен, жеңіл  атлет  болып, жүгірумен  айналыссам. Жарекең  қазақ  күресін  меңгерсе, ал, Қылеке, сен  баскетболға  барсаң, қалай  қарайсыңдар?

– Болатын  сияқты, – деді Жарғақбас  денесіне  көз  салып  ойланып.

– Менің  бойым  ұзын  болғанымен, аяғым  мыртық, баскетболға  жарамаймын, – деді Қылкеңірдек  аяқтарына  қарап. – Мергендік  сын  десең, жөні  бөлек.

  – Әрине, бұл  сенің  қолыңнан  келеді. Онда  келістік  қой?

  – Келістік!

      Сонымен  үшеуі  спортшы  болудың  қамына  барын  сала  кірісті. Таң  атқаннан  күн  батқанға  дейін  жаттығумен  айналысып, үшеуі  бір  тыным  таппады.

Шибұт  екі  күн  бойы  өз  бетімен  жүгіріп  жаттығып  жүрді  де, үшінші  күні  екі  серігінің  жанына  келді:

   – Сендер  де  менімен  бірге  серік  болып  жүгіріңдерші, бір  өзім  жүгіре-жүгіре  жалығып  кеттім.

– Көріп  тұрсың  ғой, біздің  де  уақытымыз  жоқ, – деді  Жарғақбас  ауланың  бір  бұрышынан  екінші  бұрышына  қап  тасып  жүріп.

– Иә, біз  де  ойнап  жүрген  жоқпыз. Егер  серік  іздеп  жүрсең, ана  Алакөзді  қуып  жаттықсайшы, – деді  Қылкеңірдек садағын  көздеп  тұрып.

      – «Ит  қуып, ирек  қамшылап» дейді  ғой, ит  қуып  ойна, зерікпейсің.

      – «Ит  қуып» емес, «Ит  мініп, ирек  қамшылап» дейді. Дегенімен  сендер  жақсы  ой  айттыңдар, Алакөзді  қуып  жаттығайын. Ол  қолына  бір  шыбық  алады  да, есік  алдында  жатқан  Алакөзге  сес  көрсетіп, оны  далаға  үркітіп  шығарып, соңынан  қуып  ала  жөнеледі.

Бұл  кезде  Жарғақбас  аула  ішінде  құм  толтырылған  қаптарды  бір  жерден  екінші  бұрышқа, одан  қайта  орнына  тасып, ауыр  жүк  көтеріп  машықтанып  жүрген. Жүк  көтеруден  ол  да  жалығып, серіктерінің  алдына  барды.

     – Кәне, екеуің  маған  жабылыңдаршы, – деді екі  білегін  сыбанып.

     – Жареке, біз  де  ойнап  жүрген  жоқпыз, – деді  жерге  жатып, аяқ-қолдарын  тырбаңдатып  жаттығып  жүрген  Шибұт. – «Өлетін  бала  молаға  қарай  жүгіреді» дейді, біз  әзірше  өлетін  бала  емеспіз.

     – Егер  күшіңді  сынағың  келсе, көрші  үйдің  бұқасымен  алыспайсың  ба? Ол  да  кеше  көргенімде  тиісерге  қара  таппай, қазығын  жұлып  алардай  жұлқынып, аузынан  көбік  атып  тыпыршып  тұрған.

      – Бұл  да  тапқан  ақыл  болды, – деп  Жарғақбас  сыртқа, көршінің  үйіне  қарай  аяңдап  бара  жатты.

Келесі  күні  Қылкеңірдек  те  өзімен  өзі  нысана  көздеуден  жалығып, бұл  іске  серіктерін  де  тартпақ  болды.

      – Жараңдар, менде  бір  қызық  ой бар.

      – Қандай  ой?

Қылкеңірдек  қолындағы  екі  қалбырды  көрсетеді:

– Мына  қалбырларды  төбелеріңе  қойып  тұрсаңдар, мен  оларды  он  қадам  жерден  атып  түсірер  едім.

       – Сонда  біз  сенің  садағыңа  басымызды  төсеп  тұрамыз  ба?

   – Қорықпаңдар. Біріншіден, оқтардың  басы  үшкір  емес, жалпақ, резеңкелі, зақым  келтірмейді. Екіншіден, менің  көздеп  ататынымда  мін  жоқ. Қауіптенбей-ақ  қойсаңдар  болады. Қане, екеуің  мұнда  тұрыңдар.

Ол  екеуін  қатар  тұрғызып, төбелеріне  бір-бір  қалбырдан  қояды. Өзі  аяғымен  он  қадам  санап, сол  тұрған  жерінде  садағын  оқтап  кезенеді. Дәл  осы  тұста  Шибұттың  шидей  аяқтары  дірілдеп,  былай  дейді:

      – Қой, айналайын, «Жалмауызға  да  жан  керек». – Басындағы  қалбырды  алады  да, былайырақ  шығып  тұрады. – Біздің  Жарекең  көзсіз  батыр  ғой. Мен  сияқты  емес, нысанаға  шімірікпей  тұрады. Мерген  болсаң, төбесіндегі  қалбырды  атып  құлатшы.

     – Иә, «Шыбынға  шоқпар  көтермес  болар», менің  төбемдегіні  атсаң  да  жетеді. Бірақ  асықпай  көздеп  ат.

Қылкеңірдек  садағын  біршама  көздеп  тұрады  да, адырнасын  жіберіп  қалады. Оқ  қалбырдың  тұсынан  «зу»  етіп  өте  шығады.

– Астапыралла! Жанай  кетті! – деді  Шибұт көзі  бақырайып.

  – Асықпай  ат  дедім  ғой  саған!

      – Асықпай  атқам. Шиеке, сенің  көзіңнің  мірі  жоқ  па? Мен  садақ  атарда  көзіңді  жұмып  тұршы, әйтпесе…

  – Бар  әңгіме  сенің  емес, менің  көзімде  болса, жұмып-ақ  тұрайын. Ал…– Шибұт  Қылкеңірдек  жақтағы  бір  көзін  жұмады.

Қылкеңірдек  садағын  тағы  біршама  көздеп  тұрып, жіберіп  қалады. Оқ  Жарғақбастың  дәл  маңдайына  «жалп»  етіп, резіңкесімен  жабыса  кеткені. Мұны  көрген  Шибұттың «шиқ-шиқ» етіп  шек-сілесі  қатқаны  сондай, шегі  түйіліп  қала  жаздайды. Ал  ызасы  қайнаған  Жарғақбас  екі  қолын  алға  созған  күйі  ұмтылып, «өшен-көшен!» деп  міңгірлеп, Қылкеңірдекті  тұра  қуады.

 

 

***

Тағы  бір  апта  өткеннен  кейін  олар  спорт  мектебінде  аға  жаттықтырушы  болып  істейтін  жамағайындары  Жарысбектің  алдына  барды. Жарысбек  тәуекелшіл  кісі  екен, оларды  бір  ауыз  сөзге  келмей  команда  сапына  қабылдап, сол  кезде  енді  басталып  жатқан  өлкелік  спартакиада  додасына  қосып  жіберді. Бұдан  кейін  біздің  үш  сайыпқыранның  айдарынан  жел  есіп, дода  алды  жаттығауына  қызу  кірісіп  кетті.

Жарыс  басталар  алдында  жеңілатлет  киіміндегі  Шибұт  көрермендер  орындығында  отырған  серіктерінің  жанына  келіп, «Физкульт  сәлем!» деп, екеуінің  қолын  алды.

  – Желдей  ес, бәрінің  алдын  кес, бауырым, – деп  Қылкеңірдек батасын  берді.

      – Бар  үмітіміз  сенде! – деп  Жарғақбас  Шибұтпен  қол  қағысады.

Шибұт  атлеттердің  сапына  қосылған  соң, көп  ұзамай  төреші  жүгіруге  белгі  береді. Шибұт  ә  дегенде, барын  салып  озып, бірінші  айналымда  басқалардан  оқ  бойы  алда  келе  жатқан. Дегенімен, екінші  айналымда  өкпесі  өшіп, ентігіп, басқалардан  қалып  қойды  да, бұл  бір  айналғанда, қалғандары  екі  айналды. Соның  арқасында, мәре  сызығын  бәрінің  алдында  жүріп  кесті. Бірақ  неге  екенін, қошаметтің  бәрін  ол  емес, өзгелер  көріп  жатты.

     – Бұл  дүниеде  әділеттік  жоқ, – деді  ол  серіктерінің  жанына  өкпелеп  келіп. – Маған  орын  тимегені  несі?!

– Қайдағы  орынды  айтасың?! – деді  Жарғақбас  ызаланып. –  Жұрт  үш  айналым  жасағанда, сен  екі-ақ  айналдың  ғой!

  – Бәрібір, мен  бірінші  келдім  емес  пе?

     – Тпу! «Мен  не  деймін, қобызым  не  дейді», саған  дауа  жоқ, – деп  Жарғақбас  қолын  бір  сілтеп, теріс  айналды.

Бұлардың  өкпе-назы  тез  ысып,  тез  басылатын   темір  сияқты  көпке  бармайтын. Енді  әне, қатар  жайғасып, Қылкеңірдекке  жанкүйер  болып    отыр.

  – Ал,  Қылеке, күн-түн  демей  жаттығып, шелектеп  тер  төктің, соның  жемісін  берсін  енді. Егер  бірінші  орын  алып, үмітімізді  ақтап, сенімімізден  шығып  жатсаң, жеңіс  тойыңды  да, өзіңді  де  мен  көтерем. Қам  жеме.

– Рақмет! – деді  Қылкеңірдек көңілі  босап, көзіне  жас  алып, оны  құшағына  қысып. – Дос  пейіл  осындайда  көрінеді  екен.

– Әй, Шиеке-ай, бәрін  ауызбен  жайғап  тастайсың  ғой, – деді  Жарғақбас  басын  шайқап. – Алдымен  бірінші  орынды  алып  алсын  да. «Асатпай  жатып, құлдық» демейік.

   – Сен  не, мұның  жақсы  сөзін  қызғанып  тұрсың  ба?

   – Айналайын, несіне  қызғанам? Маған  десең, аспандағы  жұлдызды  сиыр  жапасындай  бір  қап  қып  теріп, алдыңа  әкеп  берсін.

   – Иә, солай  десейші!

Дегенімен, Қылкеңірдектің  мергендігі  Шибұт  айтқандай  болмады. Оның  атқан  бес  оғының  біреуі  ғана  нысана  шетіне  тиіп, қалғандары  далаға  лағып  кетті.

      – Өздерің  білесіңдер, мен  он  қадам  жерден  атып  жаттықтым  емес  пе. Ал  олар  дұрыс  істемеді, жиырма   қадам  қашықтықтан  атқызып, менің  көздеу  есебіме  сай  келмеді, – деп  ақталды  Қылкеңірдек.

      – Иә, сенің  есебің  бұрыннан  дұрыс  емес  еді, – деді  Жарғақбас өткендегі  оқиғаны  есіне алып.

     – Жараңдар, өткен  іс  өтті, құр  сөзбен  қайтып  қалыпқа  түспейді. Одан  да  Жарекеңнің  жайын  ойлайық.

  – Ойлағанда  не  істейміз? Бәрі  Жарекеңнің  өзіне  байланысты.

     – Енді  рухын  көтерейік  те. Ал, Жареке, уайым  шекпе, біз  жаныңдамыз. Алысқанды  алып  та, шалып, ыңғайы  келсе аударып  та  жығасың  ғой. Әдіс-айлаңды  аяма. Бірақ  итжығыс  түспе.

  – Иә, «Күш  атасын  танымас» дейді. Біздің де  кеткен  есемізді  қайтарасың  ғой.

     – Рақмет! Қолымнан  келсе, аянып  қалмаспын.

 

 

 

***

Ол  қарсыласымен  ұзақ  уақыт  айқасты. Бірде  тізе  бүктіру, бірде  жамбас  ұпайын  кезекпе  кезек  олжалап, бір-бірін  таза  жеңе  алмай-ақ  қойды. Жанкүйерлердің  де  оларға  рух  бере  айқайлағандарынан  түк  өнер  емес. Олардың  арасынан  әсіресе  Шибұттың  шіңкілдеген  даусы  ерекше  естіледі:

     –Уай  пәлі! Соқ, соқ! Атып  ұр! Жағасынан  ұстап  былай  алып  ұрсайшы! Жарайсың  ерім, паһ! Уай  деген! Қайтейін  енді, соры  қайнаған  бейбағым-ай! Тпу, құрысын  бәрі!..

Қылкеңірдек  оған  таңдана  қарайды:

– Сенде  осы  айтылмаған  сыйыну, қошамет, көңіл-күй  сөздері  қалды  ма  тағы?

 – Қиысқанға  қыстырылмай  отыршы  әрі!  Иә, әруақ, қолда! Садағаң  кетейін, алып  соқшы! Иә, сөйтші!.. О, тоба! Жеңісті  қолдан  жібердің  ғой! Енді  не  бетімді  айтайын! – Ол  тершіген  маңдайын  жеңімен  сүртіп  отыра  кетті. – Қап! Жауырыныңды  жерге  тигізгенше, өліп  кетпейсің  бе!

     – Қой  енді, қарғанбай!

– Әй, сені  ме?! – деген  күйі  Қылкеңірдектің  жағасына  жармасқан.

– Отыр, е! Күшің  тасып  бара  жатса, шықпайсың  ба  ортаға! – Оны  қолынан  жұлқылап, қайта  отырғызады.

     – Күшім  тасыса, отырам  ба  осылай. Қайтейін  енді. Ол  сенімімізді  ақтамады  ғой.

 – Ал, сен  өзің  ақтап  па  едің? Отыршы  әрі!

     – Менің  бір  түсінгенім, бізге  спорт  та  қол  емес  екен. – Ол  қолын  бір  сілтеп, тұрып  кетеді.