Кеңес ертегі

Тауға шыққан «таубайлар»

      Қылкеңірдек  сырттан  көңілді  келеді:

– Жарандар, сендерге  айтар  жаңалығым  бар: алдағы  күндері  біз  жүзеге  асыратындай  қызықты  істің  сәті  келіп  тұр.

   – Қандай  іс  болса  да, дайынбыз, иә, айта  бер.

Ол  қалтасынан  бір  жапырақ  қағаз  алып, оны  оқиды:

– Міне, былай  деп  жазылған: «Хабарландыру. Аспантаудың  басына  өрмелеп, оның  биігіне  ел  туын  қадайтын  жаужүрек  альпинистерді  іздейміз. Ондай  жандарға  тігетін  сый-ақымыз – миллион  теңге. Ниет  білдіргендер  бар  болса, Таубайға  хабарлассын».

     – Ой, бұл  дегенің  батпан  құйрық  қой! – Қолына  түкіреді. – Кәне, баста.

  – Оның  үстіне  біздің  құз-жартасқа, тауға  шыққан  тәжірибеміз  де  бар. Бұл  іс  қолымыздан  келеді, – деді  Жарғақбас  Аралкөлдегі  жартасқа шыққан жайды  есіне түсіріп.

  – Асықпаңдар. Алдымен  құрал-саймандарын  сайлап  алайық, содан  кейін…

 – Е, оған  қандай  құрал-сайман  керек  дейсің. Ұзын  арқан, қолға – шот, балта, аяққа  кроссовка  кисек, жетпей  ме? «Таз  таранғанша, той  тарқар» дейді. Одан  да  сол  Таубайыңа  барып  тезірек  жолығайық.

– Мен  сол  Таубайыңа  жолығып  келіп  тұрмын, – деді  Қылкеңірдек серіктеріне  күлімдеп  қарап  тұрып. – Ол: «Тыңғылықты  дайындалған  командаңыз  бар  ма?» деді. Мен: «Бар» дедім. «Қашан  шығасыздар? – Ертең  шықсақ  та  болады». «Онда  құрал-саймандарыңыз  бен  азық-түлік, керек-жарақтарыңызды  жол  қапшықтарыңызға  салып, дайын  отырыңыздар. Көлікпен  келіп  алып  кетемін» деді.

– Ала-қа-ай! – деді  Шибұт екі  қолын  көтере  секіріп. – «Әрекет  түбі  берекет»  деген. Ішпей, жемей  мас  қылған  ісіңнен  де, сөзіңнен  де  айналайын, Қылеке! Кәне, майлы  бетіңді  тосшы, бір  сүйейін, – деп  оны  айқара  құшақтап, бетінен  былшылдатып  сүйіп  жатты.

– Дұрыс  болды, бұл  да  біткен  бір  іс  болды, – деді  Жарғақбас та  қуаныштан  тыс  қала  алмағанын  сездіріп..

 

 

***

– Командаңыз  осы  ма? – деді  Таубай  Жарғақбас  пен  Шибұтқа  сынай  қарап.

 – Осы.

     – Сайдың  тасындай  іріктелген  жігіттер  екен… Мейлі, тауға  шығатын  өздеріңіз  ғой. Жиналып  тастүйін  отырсыздар  ма?

 –Тастүйінбіз.

     – Онда  мен  экспедиция  мақсатын  тағы  ескертейін: «Егер  қандай  да  бір  ұжым  немесе  команда  еліміз  туын  Аспантаудың  биігіне  қадап  желбірететін  болса, сол  ұжымға  миллион  теңге  сыйақы  тапсырылады». Ұқтыңыздар  ма?

     – Ұқтық.

     – Аздап  үстеме  қоссаңыздар, келісейік.

 – Қанша?

     – Екі  теңге.

Үшеуі  бір  ауыздан:

– Екі  теңге?!.

      – Иә, екі  теңге. Сонда  миллион  екі  теңге  болады.

– Болсын!  – деді  Таубай  қиналмастан.

   – Ой, сені  де! – деп  ренішін  білдірді   Жарғақбас. – Сол  арзымайтын  екі  теңге  шақа  үшін  адамның  намысын  келтіріп…

      –Теңге  тиыннан  құралады, – деді  қуанған  Шибұт. – Сен  үшін  намыс  қымбат  болса, маған  әділдік  қымбат. Миллиондай  емес, миллион  екі  теңге  үшке  қалдықсыз  бөлінеді. Бұл  дегеніміз – әділдік. Ал, екіншіден, сыйақымызды  қосымша  екі  теңгеге  көбейтіп  отырмын. Бұған  ренжудің  орнына  қуану  керек  қой.

– Қуанғаныңа  болайын. – Жарғақбас  үйдің  қабырғасын  саусағымен  нұқиды. – Мына  қабырғаға  сөзімді  қор  қылып  мен  де  ақымақпын.

     – Сен  қабырғаға  емес, маған  айтып  отырсың  сөзіңді. Демек, сөзің  қор  болған  жоқ. Екеуіміздің  де  пікіріміз  ішімізде  қалып  бықсық  болмай, көңіліміз  тазарды. Адамға  сол  керек  емес  пе.

 – Әй  саған  дауа  жоқ, – деп,  қолын  бір  сілкіп,  күлімсірейді  Жарғақбас. – Одан  да  жолға  жиналайық.

 – Кәне, онда  көлікке  мініңіздер. – деді  Таубай. – Мен  сіздерді  Аспантаудың  баурайына  дейін  апарып  тастайын.

 

 

***

Олар  ауыл, елді-мекеннен  ұзап  шыққан  соң, даланың  шаңдақты  қара  жолына  түскен. Сол  сүреңсіз  жолдың  бір  бұралаңынан  өте  бергенде, темір  көліктері  кенет  жүрісі  баяулап, селкілдеп-селкілдеп, бір  шоқалақтан  шыға  алмай, үні  өшті  де  қалды. Жүргізуші  кілтті  әрі  бұрап, бері  бұрап, от  алдыра  алмаған  соң  сыртқа  шықты. Капотын  ашып  көріп, көліктің  астына  үңіліп, ойланып  тұрды  да, басын  шайқады.

 – Қай  жері  кетіпті?

     – Қозғалтқышынан  май  ағып  тұр  екен.

  – Жөндеуге  келеді  ме?

     – Жөнделеді, бірақ  ұзаққа, екі-үш  сағатқа  созылатын  түрі  бар.

– Онда  қайттік?! – деді Таубай  желкесін  қасып. – Амал  нешік, төзімділікпен  күтуге  тура  келеді. Әлде  сіздер  уақыт  өткізбей  жаяулап  тарта  бересіздер  ме? Егер  мына  айналып  баратын  қара  жолмен  емес, төтесінен, жолсызбен  тіке  жүретін  болсаңыздар, сол  екі-үш  сағаттың  ішінде  жетіп  те  қаласыздар.

– Олай  болса, құр  бекерге  уақыт  өткізіп, күткеннен, жаяу-жалпылағанымыз  жөн  шығар? – деді Қылкеңірдек  серіктеріне  қарап.

      – Иә, таза  ауа  жұтып, ел-жер  көреміз. Оның  үстіне  тауға  шығамыз  ғой, аяғымыз  да  шыңдалып, жаттыға  берсін. Сөйтсек  сөйтейік.

– Олай  болса, – деп Таубай  көкке  қарады. – Күн  көзі  көрінбейтін  бұлтты  демесең, жауын  жауатындай  ыңғайы  байқалмайды. Осындай  қоңыржай  кезде  жол  да  өнімді  келеді. – Ол  қолымен  нұсқап  көрсетеді. – Мына  түстікті  бағдар  тұтып, бетке  алып  тікесінен  тартсаңыздар, баратын  жеріңізге  әне-міне  дегенше  жетіп  қаласыздар.

     – Кәне, жарандар, онда  қапшықтарымызды  асынып, жөнеп  берейік.

Үшеуі  жол  қапшықтарын  арқаларына  асынып, Таубай  нұсқап  көрсеткен  бағытты  бетке  алып, жаяулап  тартып  отырды.

– Жол  жүрсе  өнеді.– деді  Шибұт жылдам  жүретін  дағдысымен  жол  бастап. – Маған  ілесіп  отырсаңдар, төтелетіп, тура  үстінен  түсіремін.

– Айналаға  қараңдаршы, қандай  тамаша! Неше  түрлі  гүлдері  де  көп  екен, жол-жөнекей  теріп  отырайық, – деді  Қылкеңірдек  әсерленіп.

– Шөбі  қалың, шаруаға  қолайлы  жер, – деді Жарғақбас  тамсанып.

 

 

 

***

Олар  бір  жарым-екі  сағат  жүрді  ме, әлде  одан  көп  пе, әйтеуір  ұзақ  жүріп, шаршап-шалдыққанда, қара  жолға  іліккендеріне  қуанды. Жарғақбас  пен  Қылкеңірдек  бір-бірін  сүйемелдеп, ілбіп  басып  жүріп  келеді.

      – Осындайда  бір  көлік  кездесіп, мінгізіп  алып  кетсе  ғой, шіркін.

– Иә, соны  айтсайшы, – деді  Жарғақбас  төбесінен  ағыл-тегіл  аққан  терін  жеңімен  сүртіп. – «Бір  қап  жел  едік, «пыс» еттік  те  басылдық» дегендей, қатты  шаршадық.

– Ала-қа-ай, тілегімізді  берді! – деп   қалпағын  атып  қуанды Шибұт. – Әне, алда  бір  машина  көрінді!

      – Тәубе! Тәубе! – деді  ана  екеуі.

Олар  жақындай  бере  өз  көздеріне  өздері  сенбеді.

      – О, жаратқан  ием, мынау  біздің  машина  емес  пе?!

      – Дәл  өзі! Әне, жанында  Таубай  отыр  ғой, құдайым-ау!

   – Не  дейт?! Сонда  біз  жерді  шыр  айналып  келгенбіз  бе, соққан-ау?!

Ана  жақтан  Таубай  да  бұларды  көріп, таңданғаны  сондай, жүзі  құп-қу  болып, шашы  тік  тұрады.

      – Мәс-саған, безгелдек! Жер  астынан  шықтыңыздар  ма, қайдан  келдіңіздер?!

– Оны  мына  шиқылдақтан  сұраңыз, бізді  бастап  жүрген  сол, – деді  Қылкеңірдек  ренжіп. – Осы  бетімізде  жер  шарын  айналып  келіп  отырмыз. Арқамыздағы  жүктеріміз  еңсемізді  басып, шаршап-шалдығып, қалжырап  келген  бетіміз.

     – Айналып  келіп?!

– М-м-м-мен  сіз  айтқандай  тұп-тура  түстік  бағытқа  жүріп  отырғам, – деді  Шибұт көзі  жыпылықтап.– Өзім  де  білмей  қалдым  қалай  шеңбер  жасап  қайтып  келгенімді.

 – Сонда  сенің  бір  аяғыңның  қадамы  ұзындау  болғаны  ғой, бүйтіп  шарлап  жүрсең?

– Қайдам?! – деді  Шибұт  еңкейіп  аяқтарына  қарап. – Өзім  де  түсінбей  тұрмын.

Дәл  осы  кезде  май-май  жүзі  бал-бұл  жанып  жүргізуші  де  жетті.

      – Машинаны  жөндеп  бол-дым… – деп  келе  жатып, ана  үшеуін  көріп  тосылып  қалды. – Сіздер  көктен  түскен  жоқсыздар  ма?

   – Бұлар  көктен  түскен  жоқ, жер  астынан  да  шыққан  жоқ. Жер  дүниені  шарлап, адасып  келіп  отыр.

   – Адасып?!.

    – Иә, оны  кейін  түсіндірем. Ал, қазір, көлігің  дайын  болса, ерте  күнді  кеш  қылмай  жылжиық.

 

 

 

***

Ертеңінде  таңертең  олар  Аспантаудың  биігіне  көтерілу  қамына  кірісті. Арқаларына  жол  қапшықтарын  асынып, қолдарына  арқан, шот, балта  сияқты  құрал-саймандарын  сайлап  алып, таудың  құз-жартасына  түрен  салды.

Олар  құз-жартастармен  кенедей  өрмелеп  орта  тұсқа  жеткенде,  кенет  Шибұт:

      – Қылеке, шаршаған  жоқсың  ба? Былай  нетіп…  дем  алмаймыз  ба? – деді  маңдайын  сүртіп  тұрып,  жоғарыдағы  серігіне.

– Сонда  сен  тау  басында  тұрып, қалай  нетіп  дем  алмақсың? – деді    Қылкеңірдек  тағы  бір  қазықты  қағып  тұрып.

      – Енді, азық-түлігіміз  жол  қапшығымызда, «шай  ішпейміз  бе?» дегенім  ғой.

– Шай  ішетін  жерді  тапқан  екенсің. Шыда, жоғарыға  шыққаннан  кейін-ақ  іше  береміз, – деп  ол  қаққан  қазығына  арқан  өткізіп, жоғары  өрмеледі.

     – Астымыздағы  Жарекеңнің  ентігіп, ырсылдап  келе  жатқанына  қарап  айтқаным  ғой, әйтпесе…

     – Сен  төменге  қарай  берме, әйтпесе  басың  айналып, бізді  де  әбігерге  түсіресің.

     – Құп  болады! Дегенімен, сен  өзі  нағыз  альпинист  екенсің.  Кәдімгі өрмекшідей  торына  жабысқан  шыбын  сияқты  бізді  сүйреп  бара  жатырсың.

     – Тіліңе  жылан  жұмыртқаласын!.. – деді  Қылкеңірдек  жартасқа  қазығын  қағып  тұрып.  Келесі  кезекте   өткізген  арқанын  беліне  іле  алмай  әуреленіп  тұрғанда, аяғы  тайып  кетті  де, өзі  дөңбек  сияқты  төменге  құлдилай  құлады. – Ой, өл-ді-і-ім!

Еш  жерден  тірек  таппайтынын  білсе  де, аяқ-қолдарымен  ауа  қармап, тырбаңдата  берген. Есіне  арқасына  іліп  алған  жалауы  түсті  де, дереу  оң  қолын  арқасына  жүгіртіп, туды  жұлып  алды. Оны  сабынан  екі  қолымен  мықтап  ұстаған  күйі  оңға-солға  үздіксіз  бұлғаңдата  берді. Матасын  ауа  керген  жалау  желбіреп, парашют  сияқты  оның  құлауын  бәсеңдетті. Сол  күйінде  ол  таудың  бр  бүйіріне  шығып  тұрған  иығына «гүрс»  етіп  құлады. Бір  кезде  есін  жиып, жатқан  жерінен  тұрып  еді, жамбасы  мен  басының  ауырғанын  аңғарды. Ауырған  жерлерін  сипалап, дел-сал  болып  тұрған. Жоғарыдан  Шибұттың  шіңкілдеген  даусы  шықты:

  – Қылеке, амансың  ба, айналайын-ау?! Сені  өлтіріп  алдық  па  деп…  зәремізді  ұшырдың  ғой!

     – Аманмын. Сендер  жоғарыда  не  істеп  тұрсыңдар?

     – «Не  істебің» не  сенің, тауға  шығып  бара  жатқан  жоқпыз  ба?

     – Тауға?! Не  үшін?

     – Ойбай-ау, миллион  үшін!

     – Мынаның  есі  ауысқан  ба?

     – Ал  мен  не  істеуім  керек?

     – Мынаның шынымен-ақ  ақыл-есі  дұрыс  емес-ей.

     – Анау  арқаннан  ұстап, біздің  артымыздан  жоғары  өрмеле!

     – Мен  де  шығамын  ба?

     – Иә, үшеуіміз  бірге  тау  басына  өрмелеуіміз  керек.

     – Онда  тоқтай  тұрыңдар, мен  қазір  арттарыңнан  жетем.

 

 

***

Олар  биікке  өрмелеп, таудың үй  орнындай  жайпақтау  төбесіне  көтеріледі.

– Уа-а! Қандай  керемет! – деп  Шибұт  бетін  ұйытқыған  қатты  желге  тосты. – Аузымды  ашып  едім, асқазаныма  дейін  жел  кеулеп  кетті  ғой! Бұл  жерде  қалай  шай  ішпекпіз?

– Уа, шайыңды  қоя  тұр, алдымен  жалауды  тікпейміз  бе?

– Ой-бу-уй! – деді  Шибұт санын  соғып. – Әлгінде  Қылекең  төменге  тастап  кеткен  жоқ  па?

– Әне! – деді  Жарғақбас  сұқ  саусағымен  төмен  жақты  нұсқап.

Сонау  төменде  иық  сияқты  шығыңқы  жерде  ілініп  қалған  жалау  ұйытқи  соққан  желге  желбіреп-желбіреп  тұрды  да, кенет, төмен  қарай  құлдилап  ұша  жөнелді.

      – Апам  кетті!

   – Апаң  түгіл  жездең  кетсе  де, енді  жалау  жоқ! – деді  Жарғақбас.–Неңді  тігесің?!

   – «Әжептеуір  ән  еді, пұшық  шіркін  қор  қылды» деген…

      – Сонда  сенің  айтпағың  Қылекең  бе?

      – Жоқ, желді  айтам, бәрін  құртты  ғой.

      – «Шыбын  да  аңқаудың  аузын  аңдиды». Бұл  жерде  бәріміз  кінәліміз. Енді  Таубайға  не  бетімізді  айтамыз?

– Таубай  кім? – деді  әлгіден  бері  жайбарақат  тұрған  Қылкеңірдек.

Ана  екеуі  Қылкеңірдекке  таңдана  қарап, тосылып  қалады.

 

 

***

– Таудың  басына  шықтыңыздар  ма? – деді  Таубай  ана  үшеуі  жерге  түсіп, алдына  келгенде.

      – Таудың  басына  шықтық.

– Онда  тіккен  туларыңыз  қайда? – деді  Таубай  Аспантаудың  биігіне  дүрбімен  қарап  тұрып.

   – Басынан  желбіреген  қызыл  көйлекті  көрдіңіз  бе? Сол  Шиекеңнің  көйлегі  ғой.

– Бірақ  ол  жалау  емес  қой?! – деді  Таубай  үшеуіне  кезек  қарап.

   – Жалау  құз  түбіне  құлап  кетті.

– Біз  бұлай  келіскен  жоқпыз, – деді Таубай  үшеуіне  таңдана  тігіліп . – Таудың  басына  көйлек  емес, ту  тігілуі  керек  еді. – Аз  үнсіздіктен  кейін. –  Енді  барып  дем  алыңыздар. Басқа  бір  бригада  келген. Енді  солар  тігеді  туды  таудың  басына.

– «Өгіз  өлген  жерінде  өкіреді»  дейді. Біздің  де  өкіргеннен  басқа  амалымыз  жоқ  енді, – деп  Жарғақбас  екі  серігіне  мөлие  қарады.

– Өкірген  не,  еңіреп  тұрып  жыласақ  та,  енді  бізге  «майлы  жілік»  бұйырмайды.

– Сонда  бізге  сорпасы  да  тимей  ме? – деді  Қылкеңірдек.  Ана  екеуі  серіктеріне  таңдана  қарады.