Кеңес ертегі

Цирктегі өзгеше думан

     Дүниенің  бәрінен  тауы  шағылып, беті  қайтқан  үшеуі  бастары  салбырап,  жұмыссыз  бос  сандалып, кент  көшелерін  қаңғыбас  иттердей  бекерге  кезіп  жүрген. Олар  орталықтан  өтіп  бара  жатқанда, алаңға  тігілген  еңселі  де  биік  шатырды, оның  айналасында  құмырсқадай  өріп  жүрген  жұртты  көреді.

  – Бұл  не  болды  екен, барып  көрейік! – дейді  Шибұт.

– Әне, анау  вагон-үйлерді  көрдіңдер  ме, өткендегі  аттракцион  ғой, құрысын, бармаймыз. – деді  Жарғақбас  бұрнағы  үрейін  есіне алып.

  – Тоныңды  шешіп  алып  қалмайды  ғой, көргенде  нең  кетеді?

     – Иә, не  болса  да  барып  көрейік.

Қылкеңірдектің  осы  сөзінен  кейін  оның  илігуіне  тура  келді. Олар  жанына  барып  қараса, көшпелі  цирк  екен, жұрт  бала-шағасымен  топырлап  билет  алып  жатыр. Соларға  қызығып  кеткен  Шибұт:

     – Біз  де  кіріп  көрсек  қайтеді? – деді.

  – Билет  алатын  ақшаң  жоқ  қой, байғұс-ау, қайтіп  кірмексің?

– Әне, анау  жұмысшыларын  көрдіңдер  ме? – деп  Шибұт саусағымен  вагон  жақты  нұсқады. – Цирктің  құрал-жабдықтарын  ішке  тасып  жатыр. Соларын  біз  де  тасыған  болайық. «Ине  өткен  жерден  жіп  те  өтеді», амалдап  біз  де  кіріп  кетерміз.

      – «Таутекенің  тауға  шықпаса, тұяғы  қышиды» деген. Сенің  де  бір  имешегің  қышиды  да  тұрады  екен, мейлі, қоймадың  ғой, жүріңдер.

Жарғақбас  пен  Қылкеңірдек  бір  үлкен  шабаданды  екі  жағынан  ұстап, көтере  жөнелген.

– Өзі  бір  зіл  қара  тастай  ғой, – деді  Қылкеңірдек  ауырсынып. –  Ішінде  не  бар  екен?

– Е, онда  мен  қолқабыс  етейін, – деп  Шибұт  жүгіре  басып, шабаданның  ортан  беліндегі  салбыраған  бауынан  ұстай  алады.

– Иә, «екі  ұштыны  бір  күшті  қосар» деп, жүгімізді  әжептеуір  жеңілдеттің, – деді  Қылкеңірдек  оны  кекетіп.

Олар  жүктерін  көтерген  бойы  ішке  кедергісіз  енеді. Шатыр  асты  ала  көлеңке  екен. Үлкенді-кішілі  әр  түрлі  қораптардың  жанына  шабаданды  қойып, ар  жағына  көз  салып  еді, екі-үш  адам  тура  өздеріне  қарай  аяңдап  келеді  екен. Олар  жып  беріп  қораптардың  тасасына  жасырынады. Адам  аяғы  саябырсығанша  сол  тұрған  жерлерінде  тығылып  отырады. Олар  солай  елегізіп  отырғанда, қораптардың  бірінен  тықыр  естілгені.

   – Бұл  не  екен? – деп  Шибұт  әлгі  қораптың  жанына  барып, үстінде  жабулы  тұрған  матасын  көтеріп  қарай  берді  де:

– Ой-ба-а-ай! – деп,  алды-артына  қарамай  зытып  берді. Екі  серігі  оның  соңынан  ілесті. Олар  есік  аузындағы  шымылдықтан  өтіп  барып  тоқтады.

   – Не  екен? – деді  Жарғақбас.

– Қасқыр!

   – Ой, сонша  сужүрек  болармысың. Тордың  ішінде  ғой  ол.

      – Біреу  емес, екі  қасқыр, көздері  де  жарқылдап  жанып  тұр. Қорықпағанда.

      – «Жаман  жанын  қарақтайды» деген…

      – Өзің  жаман!

      – Қой, енді! Одан  да  жүріңдер  мұнда.

Жарғақбас  екінші  шымылдықтың  арасынан  сығалап  еді, ар  жағынан  көрермен  жұрттың  орын-орындарына  жайғасып  жатқанын  көреді.

     – Жүріңдер, біз  де  барып  жайғасайық.

Олар  тепкішекпен  көтеріліп, орта  тұсқа  барып, шеттегі  бос  орындарға  қонжия-қонжия  кетісті. Жұрттың  бәрі  орналасып  болған  соң, жарық  өшіп, аренаның  шамы  жанды. Біршама  үнсіздіктен  кейін  аренаға  бірнеше  аттылы  жігіт  шауып  шықты. Олар  аттың  құлағында  ойнап, жан-жақты  шабандоздық  өнерін  көрсетті.

     –  Шіркін, осындай  өнерді  меңгерсең  ғой! – деді  мойнын  созып  тамсанған  Қылкеңірдек.

     – Не  істер  едің?

     – Мыналардың  арасында  өнер  көрсетер  едім.

Шибұт мырс  етті:

– «Шойын  қара, шойын  қараның  ойын  қара»!

     – Әй, шыбыжықтамай  жайыңа  отыр! – деп  Қылкеңірдек  Шибұттың  басынан  бір  шертті.

     – Қойыңдар  енді! «Төбелес  «боқ  жемеден» басталады»!

Жарғақбастың  даусы  абайсызда  қатты  шығып  кеткен  еді, жұрттың  бәрінің  назары  бір  мезет  сол  үшеуіне  ауды. Шабандоз  жігіттің  де  біреуі  басын  соларға  бұрып  қараймын  деп, атынан  ауып  кетті. Жұрттың  назары  енді  соған  бұрылып: «О-ох!» десті.

Шабандоз  жігіттердің  ойыны  аяқталып, олар  жөнеп  бергеннен  кейін, ортаға  бір  сайқымазақ  шықты. Ол  қолындағы  қамшысын  ауаға  бір-екі  рет  үйіріп, жылқы  ойнатқандай  кейіп  көрсетті  де, кенет  бүйіріне  бұрылып:

– Менің  мына  қолымдағы  қамшы  сиқырлы,  тілегіңнің  бәрін  орындайды.  Бірақ  ол  үшін  бұған  «шикізат»  керек,– деп,  жоғарыдағы   көрермендерге  көз  жүгіртіп  қарайды  да, бір  тұсқа  келгенде  аялдап, көз  тоқтатқан  кісілерді  қол  бұлғап  шақырады:

– Сіздер  бері  келіңіздерші.

Жоғарыдағы  бір  жігіт:

     – Біз  бе? – деді.

     – Жоқ, сіздің  үстіңіздегі  кісілер.

Оның  үстінде  отырған Жарғақбас:

– Біз  бе? – деген, Күлдірген:

     – Иә, сіз  үшеуіңіз  бері  келіңіздерші, – деп  иегін  изеді.

Біздің  сайыпқырандар  үшеуі  де  орындарынан  тұрып, тепшекпен  төмен  түсіп   келе  жатқан.  Кенет  орталарындағы  Шибұт:

– Өл-ә-ә, бізді  сабайды! – деді.

  – Неге?

  – Біздің  билетсіз  кіргенімізді  біліп  қойды.

Бұл  сөзді  естігенде  алдындағы  Қылкеңірдек:

– «Сезікті  секірер» деген, – деп,  өзін  ұстай  алмай  селкілдеп  күліп  жібереді.

Оған  қарап  жұрт  та  күлкіге  кенелген. Өз  күлкісіне  өзі  шашалған  Қылкеңірдек  кенет  сүрініп, домалай  құлаған. Оған  шалынған  ана  екеуі  де  тоңқалаң  асты. Қалың  жұрт  қыран-топан  болды  да  қалды.

Олар  орындарынан  тұрып, үсті-бастарын  қағынып, арена  ортасындағы  сайқымазақтың  алдына  барды. Бірақ  күлкілерін  тыя  алар  емес, тіпті  барлық  жұртты  күлкілеріне  ілестіріп  әкетті.

– Мәс-саған, безгелдек! – деді  Күлдірген  көпшілікке  қарап. – Елді  мен  күлдірем  бе  десем, бұлар  менен  асырып  елді  күлкіге  қарық  қылды  ғой!

Осылайша  бүкіл  жұрт  біраз  уақыт  күліп  алған.

– Рақмет  сіздерге! – деді  Күлдірген  біздің  үш  сайыпқыранға. – Маған  көмекшілікке  жарайды  екенсіздер. Ал, танысып  қояйық, аттарыңыз  кім?

      – Жарғақбас.

      – Қылкеңірдек.

      – Шибұт.

      – Ал, мен  Күлдірген  деген  қызықшымын. Менің  үлкен  арманым  бар: Сәйгүлік  ат  мінсем  деймін. Сіздер  менің  сол  арманыма  көмектессеңіздер.

– Қолымыздан  келсе, аянып  қалмаймыз! – деді  үшеуі  бірден.

   – Өте  жақсы! Онда, Жареке, өзіңізден  бастасақ. Мына  қорапқа  кірсеңіз, –  деп,  үстіндегі  матасын  көтеріп  еді,  Жарғақбас:

   – Мінекеиіңіз, – деп,  басын  иіп, ішке  кіреді.  Күлдірген  мата-пердені  түсіреді  де, қолындағы  қамшысын  Қылкеңірдекке  ұстатты:

      – Бұл – сиқырлы  қамшы. Қорапты «бір, екі, үш» деп  қамшылаңыз. Ішіндегі  Жарекең  мен  армандаған  тұлпарға  айналады. Кәне.

Қылкеңірдек  қолындағы  қамшымен:

–  Бір, екі, үш! – деп  қамшылайды.

Қуанып, мәз  болған  Күлдірген  матаны  көтереді  де, ноқта  жібінен  ұстап  ішінен…  құлағы  қалқайған  көк  есекті  алып  шығады. Оны  көрген  Күлдірген  «Уа-а-а!» деп, көз  жасын  ағызып «жылап» жібереді. Ал  Қылкеңірдек  пен  Шибұт  көздері  бақырайып, біресе  көк  есекке, біресе  еңіреп  жылаған  Күлдіргенге  қарап, аң-таң. Өзін  кінәлі  сезінген

Қылкеңірдек:

– Қойыңыз, қойыңыз, – деп  жұбатып  бәйек  болса, ол  одан  бетер  еңірейді.  Ал  Шибұт  болса:

     – Мәс-саған, безгелдек! Өзі  есек  еді, есекке  айналғанын  қарашы! – деді  өзін  ұстай  алмай.  Қылкеңірдек  оған  ала  көзімен  ата  қарады. Ал, жұрт  қыран-топан.

      Кенет Күлдірген   жылауын  сап  тыйып, Қылкеңірдекке  бұрылды:

–  Ал, Қылеке, енді  бар  үмітім  сізде. Қорапқа  енді  сіз  кірсеңіз. Мен  армандаған  сәйгүлікті  сіз  тапсаңыз.

– Жо-жо-жоқ! Болмайды! – деп  Қылкеңірдек  басын  ала  қашты.

   – Қорықпаңыз, Қылеке. Біраздан  кейін  өзіңізге  қайта  келесіз. Есесіне  маған  тұлпар  сыйлайсыз.

      – Енді, мына  Шиекең  болмаса.

      – Қалауым  сізге  түсіп  тұр  ғой. Келісіңіз  енді.

      – «Бас  аман  болса, басқа  бөрік  табылар» дейді. Қолқасын  жерге  тастама  енді, бишараның.

      – Жап  аузыңды, саған  не  жоқ! – Ол  сабасына  тез  түседі. – Мейлі, кірсем  кірейін. Бірақ, қайта  өзіме  айналдыруды  ұмытпайсыз  ғой?

   – Қорықпаңыз, ұмытпаймын.

Қылкеңірдек  ішіне  кіреді. Күлдірген   қамшысын  Шибұтқа  ұстатады:

– Ал  енді, сіз  соғыңыз.

Шибұт:

– Бір, екі, үш! – деп  қамшылайды.

Күлдірген  матаны  көтереді  де, ноқта  жібінен  жетелеп, құлағы  қалқиған  тағы  бір  есекті – ақ  есекті  шығарады. Есекті  көрген  Күлдірген «өкіріп  жылап» жібереді.  Ал Шибұт болса  көзі  бақырайып, тілін  шығарып:

– Мәс-саған  безгелдек! Бұл  да  есек  екен  ғой! – дейді  таңдана.

Жұрт  қыран-топан. Күлдірген  қалтасынан  орамалын  алып, су  болып  аққан  «көз  жасын» сүртеді. Оны  екі  қолымен  сығып, суын  ағызады. Кейін сабасына  түсіп, Шибұтқа  жалынышты  түрде  қарайды:

– Бар  үмітім  сізде. Мен  сорлыға  көмектесіңізші. Бала  күнімнен  тұлпар  мінсем  деп  армандайтынмын. Сол  арманыма  сіз  қол  жеткізсеңіз.

      – Иә, әрине, арманыңыздың  орындалуына  тілектеспін. Бірақ, мен, мен… –  Өз  денесіне  басын  еңкейтіп  қарайды. – Осындай  қораш  түріммен… Қалай  тұлпар  боламын?

   – Олай  демеңіз, боласыз. Міне, нышаны  көрінді  емес  пе, алғашқысы  көк  есек  еді, келесісі – ақ  есек. Енді  ақ  боз  тұлпар  шығып  қалар. «Тұлпар  бәйгеде  танылады» дейді. Бағыңызды  бір  сынап  көріңіз.

Шибұт қолын  бір  сілкіп:

– Өй, болмадыңыз  ғой, – деп  қорапқа  кіреді.

Күлдірген  қорапты: «Бір, екі, үш!» деп  қамшылап,  артынша  ішінен…  бір  ақ  шұнақ  тоқал  ешкіні  алып  шығады. Жұрт  қыран-топан.

 

 

***

Бұл  кезде  Шибұт  тар  қораптың  ішінде  шыдап  тұра  алмай, есігін  теуіп, сыртқа  атып  шыққан  болатын. Жан-жағына  қараса, тағы  екі  қорап  тұр  екен. Олардың  да  есігін  ашып  еді, бірінде – Қылкеңірдек, екіншісінде  Жарғақбас  тұр  екен.

     – Сендер  қалай  шыдап  тұрсыңдар? Жүріңдер.

     – Ой, біз…

     – Мына  қораппен…

     – Аренадан  пайда  болуымыз  керек  еді  ғой?

     – Оны  қашанға  дейін  күтпекшісіңдер? Одан  да  жүріңдер, аренасына  өз  аяғымызбен  барайық.

     – Ал  мына  жәшіктер  босап  қалса…

  – Е, мұнда  ондай  жәшіктер  көп  емес  пе. Әне, анау  қорапты  әкеліп, мыналардың  орнына  қояйық.

Олар  ақырында  Шибұттың  дегеніне  көніп, өз  жәшіктерінің  орнына  серіктері  айтқан  әлгі  қораптарды  алмастырып  қояды.

  – Байқадыңдар  ма, бұлары  ауыр  екен. Соған  қарағанда  іші  бос  емес.

      – Ал, жүріңдер, кеттік.

 

 

***

Күлдірген  «өкіріп  жылаған» күйі  ешкіні  қорапқа  қайта  кіргізеді де, оны қамшысымен: «Бір, екі, үш!» деп  қамшылайды. Үстіндегі  матасын  көтеріп, есігін  ашқан  еді, ішінен…   екі  қасқыр  атып  шығады. Қасқырды  көрген  Күлдірген:

– Ау! Ой!.. – деп  шошып,  тұра  қашады.

Көрермендер  қыран-топан  күлкіге  қарық.

Босап  шыққан  қасқырларды  көрген  цирк  қызметкерлері  жүгіре  атып  шығып, қасқырлардың  үстіне  тор  тастап, оларды  ұмар-жұмар  көтеріп, қораптарына  кіргізеді. Қорапты  алып  кетеді. Артынша  біздің  үш  сайыпқыран  да  бір  нәрседен  қалып  қойғандай  жүгіре  басып, аренаға  кіріп  келеді. Оларды  көрген  Күлдірген  жандарына  жетіп  барып:

     – Амансыңдар  ма? Барсыңдар  ма, жарқындарым-ау? – деп  бәйек  болды.

     – Аманбыз, бармыз, байеке.

Ал, көрермендер  болса  орындарынан  тұрып, ду  қол  шапалақтай  жөнеледі.

  – Уф, қатты  қорқыттыңдар  ғой! Қасқыр  жеп  кетті  ме  деп…  Мейлі, қойшы! Ал  сендер  маған  қатты  ұнадыңдар. Бойларыңда  қызықшылық  қабілеттерің  бар  екен. Бүгіннен  бастап  циркке  қызметке  аламын. Менімен  бірге  қызықшы  болып  істейсіңдер!

Ана  үшеуі  біршама  уақыт  сілейіп  тұрып  қалады. Бір  кезде Қылкеңірдек:

– Бізді  қызметке  алмақшысыз  ба?! – деді  сол  таңданған  күйі.

– Иә-иә,  қызықшы  етіп  аламын.

– Рас  па?!

– Рас  айтамын.

Ана  үшеуі  көздері  шырадай  жанып  қуанғаннан:

– Алақай! Алақай! Алақай! – деп қолдарын  көтере  секіріп,  шаттыққа  бөленді.

Күлдіргенді  үшеулеп  құшақтай  алып, бетінен  алма-кезек  шөпілдетіп  сүйіп  жатты. Бір  уақыт  назарларын  көрермендерге  қаратып  еді, Күлдіргеннің  жүзіндегі  қалың  бояу  жұққан  ба, үшеуінің  де  беттері  бояуға  малынып, қызықшыға  аумай  ұқсады  да  қалды. Олар  болса  мұны  елер  емес, жүздері  күндей  нұрлана  майсайрап, айнала  көрермендерге  қол  бұлғап  жатты. Көрермендер  де  ду  қол  шапалақтап, оларды  қошаметтеп  әуре.

 Сөйтіп, біздің  сайыпқырандар  өмірден  көп  теперіш  көріп, көптеген  адасулардан, «Тар  жол, тайғақ  кешулерден» өткенімен, мұқалып, түңілуді  білмеді. Қайта  үздіксіз  ізденіс, талпыныстарының  арқасында, соңында  өз  мұраттарына  ерісіп, қызықшылық  өнерге  ден  қойыпты. Сол  қызықшылық  өнерімен  ел-жұртын  ризашылыққа  бөлеп, бүгінгі  күнге  дейін  табысты  өнер  көрсетіп  келе  жатқан  көрінеді.

Ал, балалар, қош-сау  болыңдар!

 

Кеңес  ОРАЗБЕКҰЛЫ.