Кеңес ертегі

Қазына аралында

    Жарғақбас, Қылкеңірдек, Шибұт  үшеуі   «Молшылық» орталық  базарынан  тауы  шағылып  шыға  берген. Сөйтіп олар  тұмсықтарымен  жер  сүзіп, ұнжырғалары  түсіп  келе  жатқанда  қызық  болды. Бастары  салбырап  келе  жатқанда, жолдан  әмиян  тауып  алды. Үшеуі  көздері  жайнап, әмиянды  жабыла  тінткілеп  еді, іздегендерін  таппады. Оның  орнына  ішінен  бір  жапырақ  қағаз  шықты. Қағазды  бүктеуін  жазып  қарады. Қолдан  сызылған  карта  екен.

Картаға  бір  көлдің  бедері  түсірілген. Көлдің  ортасында  арал. Сол  аралдың  бір  бүйіріне  нұсқау  сызығы  түсіріліп, үстіне  «Қазына – осы  үңгірде» деп  жазып  қойыпты.

       – Ой, мынау  Аралкөл  ғой! – деді  Қылкеңірдек. – Міне, мынау  біз  тұрған  ауыл. Арасы  алпыс-ақ  шақырым.

    – Көлде  арал  бар  ма?

    – Оны  аты  да  айтып  тұр  емес  пе. Арал  биік  құз-жартастардан  тұрады.

    – Е-е, онда  сол  құз-жартасты  тау  үңгіріне  қазына  жасырылған  ғой. Мына  қағаздағы  «Қазына –осы  үңгірде» деген  жазу  да  соны  меңзеп  тұр  емес  пе.

    – Онда  неғып  тұрмыз? Тарттық «Қазына  аралына!»

       – Сабыр, сабыр, достар, – деді  Жарғақбас. – Оған  дайындалып  бару  керек  болар? Жол  азық, құрал-сайман, жіп, арқан  дегендей…

– Құрық  та  аламыз. Алпыс  шақырым  жол  оңай  дейсің  бе? – деді     Шибұт Жарғақбастың  сөзін  бөле. – Аяғымыздан  таусылармыз. Ауыл  шетінде  жайылып  жүретін  қаңғыбас  есектерді  ұстап  мініп, сонымен  бармаймыз  ба?

       – Ал  аралға  қалай  жетеміз? Қайық  керек  шығар?

   – Қайық  керегі  жоқ, – деді  Қылкеңірдек. – Көлдің  жағасында  қалың  қамыс  өседі. Содан  сал  жасап  аламыз.

       – Бәрекелді! Бәрі  реттеліп  тұр  екен  ғой. Онда  бүгін  дайындалып, «Сабақты  ине  сәтімен» деп, ертең  ертелетіп  жолға  шығайық.

       – Сөйтсек, сөйтейік.

 

 

***

Олар  бір-бір  есектен  ұстап  мініп, шоқақтап  отырып, түс  әлетінде  көл  жағасына  да  жетті. Жағадан  бір-екі  шақырымдай  жерден  құз-жартасты  арал  менмұндалайды. Үш  дос  орақ, пышақтарын  алып, қамыс  шапты. Оларды  баулап, бір-біріне  жапсыра  тоқып, сал  жинады. Оны  суға  түсіргенде  ғана  құрал-саймандарды  түгендеп  әкелмегендігін  байқады.

– Қап! – деді  Қылкеңірдек санын  соғып. – Салмен  жүзіп  отыратын  ескек  сияқты  бір  құрал  немесе  күрек  әкелмеппіз  ғой.

   – Енді  не  істедік?! Қайтып  баратындай  ауыл  да  жақын  емес. Оның  үстіне  кері  қайту – жаман  ырым.

       – Мен  амал  таптым! – деді  Шибұт. –  Салдың  ортасына  мына  құрықты  тік  шаншып  қоямыз  да, Жарекеңді  содан  ұстатып  қоямыз…

       – Мені  тұрғызғанда  не  табасың?

       – Сөзімді  бөлме, айтып  алайын  да. Ал, сен, Қылеке, жел  шақырып, ысқырасың.

  – Содан  кейін?

   – Содан  кейін  жел  тұрып, Жарекеңнің  желкен  сияқты  жардай  басына  соғылып, салымыз  аралға  қарай  жылжиды.

Қылкеңірдекке  бұл  ой  ұнамады, басын  шайқады.

      – Ал, жел  керісінше  соқса  ше? Онда  не  істейміз?

      – Сенің  аяғың  ұзын  ғой, – деді  Жарғақбас  Шибұтқа. – Отыра  қалып  сол  аяқтарыңмен  суды  шапылдатып, ескек  орнына  ессейші.

      – Бір-бірімізді  қажап  қайтеміз, – деді Қылкеңірдек. – Одан  да  тағы  біраз  қамыс  шауып, екі  бума  жасайық. Соларды  ескек  ретінде  қолданамыз.

Үшеуі  бұл  ойды  дұрыс  көріп, жағадан  тағы  біраз  қамыс  шауып,  екі  бума  жасады. Жарғақбас  пен  Қылкеңірдек  екі  буманы  ескек  ретінде  пайдаланып, Шибұт  жол  бағдарлаушы  болып, үшеуі  қамыс  салдарыменм  «қазына  аралына» жылжыды.

 

 

***

    – Міне, «Көрінген  жердің  алыстығы  жоқ» деп, аралға  да  жеттік. Енді  не  істейміз? – деді  Шибұт.

     – Картаға  қарайық. Қане, Қылеке, картаңды  жазшы.

Олар  картаға  үңіліп  еді, жол  көрсеткіш  сызықша  алдарындағы  биік  құз-жартастың  төбесін  нұсқап  тұр  екен.

– Ой, мына  тік  жалама  құздың  басына  шыққаннан, айға  шыққан  оңай  шығар, – деді  Жарғақбас құз  төбесіне  шалқая  қарап, басын  қасып  тұрып.

       – Егер  пайдаға  жаратпасақ, арқанды  неге  әкелдік? – деді  Шибұт. – Құзға  сонымен  көтерілмейміз  бе?

   – Онда  арқанды  әкелсейші.

Шибұт  жағажайға  кетті  де, біраздан  кейін  бос  қайтып  келді.

    – Иә, арқанды  неге  әкелмедің?

       – Онымен  біз  салды  байлап  қойыппыз  ғой.

       – Шешіп  әкелмедің  бе?

       – Салды  бұзып, арқанды  алсақ, қайтарда  немен  қайтамыз?

       – Ә, сонысы  бар  екен  ғой.

       – Енді  не  істейміз?

       – Құзға  шығудың  бір  амалы  бар, – деді  Шибұт. – Бірақ  оған  мен  шыдай  алар  ма  екенмін.

   – Ол  қандай  амал?

       –Бір-бірімізге  мінгесіп  көтерілу  амалы.

   – Сонда  қалай?

       – Ол  былай: егер  мен  жарқабаққа  жабысып  тұрсам, менің  иығыма  Жарекең  көтеріліп  мінеді, оның  иығына  сен  шығасың, сенің  иығыңа  мен  шығамын, менің  иығыма…

  – О, бәрекелді! Түсіндік, түсіндік, – деді  Жарғақбас  оның  сөзін бөліп. – Өте  тапқан  ақыл  екен. Басыңнан  айналайын!

      – Бірақ  сендерді  көтеруге  менің  аяғым  шыдар  ма  екен?

– Шыдайды, Шиеке, – деді  Қылкеңірдек оны  иығынан  қағып. –  Шыдайтыны, біріншіден, жарқабаққа  қолыңмен  жармасып, аяғыңа  күш  түсірмейсің. Ал, екіншіден, қалтаң  қазынаға  толғалы  тұрғанда, аяғың  соның  садағасы  кетпей  ме.

       – Мейлі, нартәуекел! Бірақ  сендер  де  менің  «ойбайыма» шыдайсыңдар.

       – Қандай «ойбай»?

  – Енді, үстіме  екі  дөңбек  мінгенде, шидей  аяқтарыма  демеу  болсын  деп «ойбайламаймын» ба?

      – Бәрекелді, ер-азамат  екенсің!

      – Оны  жоғарыға  шыққанда  ғана  айтарсыңдар.

   – Қазір  де  айтамыз. Сенің  аяғыңа  демеу  болсын  деп.

Сонымен, сөздің  тоқ  етерін  айтқанда, шидей  аяғы  екі  «дөңбектің» салмағына  майысып, қақсағанына  Шибұт  шыдап, оның «ойбайына» серіктері  шыдап, бір-біріне  мінгесіп  отырып, үшеуі  құз  басына  көтеріледі.

Құз  етегінде  үңгір  бар  екен. Қағаздағы  сызба  бойынша  енді  соған  кіру  керек. Олар  ойланып  жатпай  үңгір  аузына  сүңгіді.Үңгір  іші  бара-бара  тарылып, бір  кезде  иықтары  әрең  сиятындай  тар  қуысқа  айналды. Міне, осы  жерде  бір  қызық  жағдай  болды. Жол  бастап  келе  жатқан  Жарғақбастың  қазандай  басы  сор  қайнатқанда, сол  қуысқа  сыймай, басымен  кептелді  де  қалды. Ана  екеуі  оның аяғынан «ойбайлатып» тартып, әрең  дегенде  қайта  шығарады.

       – Жоқ, болмайды, – деді  Жарғақбас орнында  ма  дегендей  басын  сипалап. – Мына  тар  тесіктен  басым  өтпейді.

    –  Мүмкін, аяқ жағыңмен  кірерсің…

    – Өйтіп  кірсем  де  басым  кептеліп  қалмай  ма?

       – Иә, солай  екен  ғой. Енді  қайттік?

    – Қайтсеңдер  де  сол, енді  ары  қарай  екеуің  жылжыңдар. Мен  сендерді  осында  күтемін. Ал, жолдарың  болсын!

       – Әлей  болсын!

Қылкеңірдек  пен  Шибұт  бірінен  кейін  бірі  қолдарын  алға  созып, аяқтарын  құрбақа  сияқты  тырбаңдатып, тесікке  сүңги  берді. Құрт  сияқты  бұлғаңдап  жылжып, 3-4 қадамдай  жүргенде, үңгірдің  алдыңғы  жағы  қайта  кеңіп, алдарынан  мұз  сүңгілі  дәліз  пайда  болды. Екеуі  үстерін  қағып, бойларын  тіктеп, мұз  сүңгілерінің  арасымен  дәліз  бойлай  жүрді. Кенет Қылкеңірдек бір  бүйіріндегі  қазаншұңқырдың  түбін  нұсқап:

  • Ана қоржынды  қара! – деді.

– Екі  басы  томпиып  тұр  ғой  өзі, – деді   Шибұт ернеуіне  жата  қалып. –  Әй, іздеп  жүрген  қазынамыз  осы  емес  пе?!

     –Тап  соның  өзі!

 – Енді  неге қарап  тұрмыз? Біреуіміз  түсіп, алып  шығайық  та. Қайсымыз  түсеміз? – Оған  өзі  жауап  береді. – Мен  түсейін. Шұңқырға  түскенді  құрықпен  тартып  шығару  үшін  де  күш  керек  қой. Оған  менің  аяғым  шыдамас.

– Ал, түсе  ғой, – деді  Қылкеңірдек құрықтың  бір  ұшын  шұңқырдың  ішіне  түсіріп.

      – Құрықтың  жібін  анау  қара  тасқа  орап  қой. Әйтпесе  мені  тартып  шығарып  жатқанда, менің  салмағыммен  өзің  де  шұңқырға  «күмп» беруің  мүмкін. Одан  кейін  бізді  кім  шығарады? «Құдай  сақтансаң  сақтаймын» дейді, сақтық  керек.

Шибұт  қоржынның  аузын  ашып  еді, шұңқырдың  іші  «жарқ» ете  қалды.

  – О-о! – деді  Шибұт қуанып. – Мына  асыл  тастар  көздің  жауын  алады  ғой. Қазына-байлық  деп  осыны  айт! Мұны  енді  қалай  бөлісеміз?

  – Ой, сорлы-ау, алдымен  бұларды  үңгірден  шығарып  алайық  та. Өй, анау  не  сұмдық?! Жы-лан!

  – Қайда?!

      – Артыңда! Басын  қайқайтып, сені  аңдып  тұр.

      – Ой, сорлы  бас-ы-ым, мұнда  өлім  іздеп  келіппін  ғой. Қылеке-ау, неғып  тұрсың, мені  құтқарсайшы. Ой-ба-ай!

      – Зарлама! Өлгің  келмесе, мен  не  айтсам, соны  орында!

      – Апыр-ау, енді  айтсайшы!

      – Мен  ысқырып, жыланды  шалғытып  тұрам. Ара-арасында  не  істейтініңді  де  айтамын, бұлжытпай  орындайсың.

      – Құп, байеке, ысқырсайшы  енді!

Қылкеңірдек  шұқырдың  екінші  жағына  секіріп  өтіп, «ыс-с-с» деп  ысылға  басты. Жылан  басын  жалт  бұрып, жоғарыдағы  Қылкеңірдекке  қарап  тұра  қалды. Қылкеңірдек  кеңірдегін  созып, ысылдап  әлек.

      – Ыс-с-с! Құрықтың  басындағы  жіпті…  Ыс-с-с!  Қоржынға  байла!

Ыс-с-с!

      – Ой-ба-ай! Ажалым  осында  екен  ғой!

      –Тоқтат, зарыңды! Ыс-с-с! Байла  деген соң  байла! Ыс-с-с!

      – Байладым, ойбай, байладым! Тағы  не  бұйырасың?

  – Байласаң,  ыс-с-с! Мен  үшке  дейін  санаймын, ыс-с-с! «Үш!» дегенде, ыс-с-с!  Құрықпен… ыс-с-с!  Жоғары  көтерілесің,  ыс-с-с! Түсіндің  ғой,

ыс-с-с!

      – Түсіндім!

  – Түсінсең, ыс-с-с! Бір…

Қылкеңірдек  «бір» деп  болғанша, Шибұт  құрық  бойымен  серіппеше  атылып, «екі» дегенде  жоғарыдан  табылады.

      – Бәрекелді! Сенің  ытқып  секіргеніңе  жылан  басын  бұрып  та  үлгере  алмады. Ыс-с-с!

 – Ойбай, ысылыңды  тоқтат! Құрысын  бәрі! Басымыз  аманында  табанымызды  жалтыратайық!

      – Ал, қазына-байлықты  тастап  кете  береміз  бе?

      – Тпу, ит-ай! Сонымыз  бар  екен  ғой! Оны  қалай  аламыз?

      – Ендеше  тыңда. Қазір  мен  тағы  ысылдап, жыланды  шалғытайын. Ал  сен  құрықты  тартып, қоржынды  жоғары  шығарасың.

      – Құрығың  құрысын!..

  – Онда  сен  ысылда, мен  тартайын.

      – Жо-жоқ, сен  ысылдай  бер, мен  тартайын.

      – Онда  дайындал. Ал  мен  ысылдадым: Ыс-с-с? Ыс-с-с! Тарт!

Шибұт  қоржынды  тартып, басына  байланған  қоржынды  жоғары  шығарады.

Екеуі  қоржынды  қолдаса  көтеріп, сыртқа  шыққаны  сол  еді, алдарынан  Жарғақбас  тосып  алды. Шибұт Жарғақбасқа  дүрсе  қоя  берді:

– Біз  дәл  қазір  ажалдың  аузынан  келдік. Ал  сен  болсаң  отырсың  жарбиып. Біздің  жағдайымыз  не  болды  деп  ойламайсың  да  ғой.

      – Ойлағанда  қандай! – деді  Жарғақбас. – Мені  осы  жерде  мәз  болып  қалды  дейсіңдер  ме?

– Міне, – деді  Қылкеңірдек қоржынды  Жарғақбастың  алдына  қойып.   Жарғақбас  қоржынның  аузын  ашып  қарады  да, көзі  шарасынан  шығып:

– О-о! – деп талып  қала  жаздады. Тастарды  ұстап  көргісі  кеп  қолын  соза  бергенде, Шибұт:

      – Тарт қолыңды  қазынадан! – деп  тиып  тастады. – Ажал  аузына  барып, қазына  әкелуге  еңбегі  сіңбегендер  қазына  үлесінен  қалыс  қалады.

      – Әй, сен  не  тантып  тұрсың?! – деп Шибұтқа  тұра  ұмтылып, жағасына  жармасты. –  Қазынаға  бармайын  деп  бармадым  ба? Басым  кептеліп  қалғанын  өзің  де  көрдің  ғой. Осыдан  үлес  тимей  көрсін!..

– Тоқтаңдар, түге! – деді  Қылкеңірдек оның  сөзін  бөле. – «Кемедегінің  жаны  бір» деген. Үшеуімізге  де  үлес  тиеді. Ал  еңбегің  сіңбеді  деп  көңілде  түйткіл  қалмау  үшін, бұл  қоржынды  үйімізге  дейін  Жарғақбас  арқалап  барады. Осы  шешімге  ризасыңдар  ма? – деді  екеуіне  кезек  қарап.

     – Енді  бұл  жөн, – деді  Шибұт.

Жарғақбас  үн-түнсіз  келді  де, қоржынды  иығына  асып  алды.

Қазынаның  буы  қоя  ма,  ә  дегенше  үшеуінің  көңілі  гүлдей  жайнап, емен-жарқын  күйде  жағаға  беттеді.

Үшеуі  салды  суға  түсіріп, жайғасып, қамыс-ескектермен  есе  отырып  көл  ортасына  келіп  қалған. Кенет  осы  мезетте  бір  оқыс  оқиға  болды.  Салдың  артқы  жағында  аяғын  суға  малып, қаннен  қаперсіз  салқындап  отырған  Шибұт:

– Ой-ба-ай! Мені  жайын  қапты! Кұт-қа-рың-да-ар! – деп  жата  қалып  байбалам  салмасы  бар  ма.

Серіктері елең  етіп:

– Ау, Шиеке, не  болды? – дегенше  Шибұттың  денесі  бара-бара  суға  жұтылып, өзі  шыр-шыр  етіп, қолдарымен  салдың  қамысын  қармап, жанталасты  да  қалды. Екеуі  көмекке  тұра  ұмтылды. Үшеуі  бір  жерге  үймелегеннен  кейін, сал  ауып  кетті  де, олар  суға  күмп  берді. Үшеуі  суды   шапылдата  сабалап, қолдарын  соза  қарманып, салға  жармасты. Сөйтіп, үшеуі  бір-бірінен  ұстасып, жармасып, салдарына  қайта  мініп  алды.

– Саған  не  болды? – деді  ана екеуі  естерін  жиып  болған  соң  Шибұтқа.

– Е, суға  малып  отырған  аяғымды  қармақ  деп  қалса  керек, жайын ба, шортан  ба, бір  балық   аяғымды  қауып, суға  тартқаны. Қайта  жақсы, бәтеңкемді  шешпегенмін. Міне, көрдіңдер  ме, бәтеңкемнің  біреуін  алып  кетіпті, антұрған.

Аналар  қыран-топан  күліп  жатыр.

     – Өзіңе  де  обал  жоқ. Әрине, шидей  аяқтағы  бәтеңкені  кез  келген  балық  жем  деп  ойлайды.

     – Тағы  құдай  сақтаған, бәтеңкең  болмағанда, өзіңді  алып  кетер  еді.

 

– Иә,  шүкір,  аман  қалдым.  Бірақ  аяқ  киімімнен  айырылып  қалғаным  жаныма  батып  тұрғаны.

      – Бас  аман  болсын,  Шиеке. Қазыналы  бай  емессің  бе, ертең-ақ  шыттай  киініп  аласың.

Дәл  осы  мезет  үшеуінің  де  ойына  қазыналары  сап  ете  қалып,  қоржындары  тұрған  жаққа  жалт  қараған. Қоржындары  орнында  жоқ  болып  шықты.

      – Мас-қа-ра-а! Шалмен  кетті  таз  қара! Қоржын  қайда?!

– Қап, әлгінде  сал  аударылғанда, суға  кеткен  ғой!!! – деді үшеуі сандарын  соғып. – «Бұйырмаған  боқ  жейді» деген – осы!

– Қазына  іздеу  де  бізге  қол  емес  екен, – деді  үшеуі  терең  суға  қарап  мұңайып, салдары  суға  кетіп.