Кеңес ертегі

Құрылыс басындағы құбылыс

– Аспаз-даяшылық та қолымыздан келмеді.  Мейлі бәлесінен  аулақ. Дегенімен,  осылай  омалып  үйде  отыра  береміз  бе? – деді  Қылкеңірдек жанындағы  серіктеріне  түйіле  қарап. – Бір  әрекет  жасамаймыз  ба?

– Иә, «Қарманған  қарап  қалмас» дейді. Ізденіп, талпынып, бір  жұмыс  табайық, – деді  Жарғақбас  оны  қостап.

       – Ендеше  қандай  жұмыс  істейміз?

Қылкеңірдек  терезеден  сыртқа  көз  тастап, бір  кісілердің  үй  көтеріп  жатқанын  көреді  де,  серіктеріне  сынай  қарап:.

       – Құрылысшы  болсақ  қайтеді? – деді.

– Дұрыс  ой  айттың, – деді  Шибұт қуанып. – Кеше  Қойбағар «Үй  тұрғызбақ  едім, соған  құрылысшылар  іздеп  жүрмін» деген. Ендеше, іздегенге  сұраған, соған  барып  жалданайық.

       – «Кезі  келсе  кетпен  шап, орайы  келсе  орақ  ор» деген, барсақ  барайық. Бірақ…

       – Не «бірақ»?

   – Қолымыздан  қыш  қалау  келе  ме?

Үшеуі  ойланып  тұрып  қалған.  Кенет  Қылкеңірдек   маңдайын  сипап  тұрды  да:

– Мен  бірде  күшігіме  үйшік  тұрғызғанмын, – деді  міңгірлеп.

– Міне, арамызда  қыш  қалаушы  бар  екен  ғой! – деді  Шибұт алтын  тапқандай  қуанып. – Ал  мен – зыр  жүгіріп, кесек, лай  тасуға  шебермін.

– Онда  лайын  мен  дайындап  берейін, – деді  Жарғақбас  қаражаяу  емес  екенін  сездіріп.

  – Міне, бригадамыз  дайын! Ендеше  кеттік, алға,  жараңдар!

 

 

***

Қойбағар үйдің  іргетасын  құйып, құм, тас, кірпіштерін  дайындап  қойған  екен. Біздің  сайыпқырандар  онымен  қол  алысып-келісіп, істі  бастады  да  кетті.

Жарғақбас  лай  дайындап, Қылкеңірдек  қыш  қалап, Шибұт  сыңар  дөңгелекті  арбамен  екі  арада  зыр  жүгірді. Сөйтіп, құрылыс  қарқын  алып, бір  қауым  уақыт  өткен.

Жарғақбас  бетонараластырғышқа  күрекпен  құм  салып  жатқан. Кенет  бетонараластырғыштың  ішінен «сақыр-сұқыр, сақыр-сұқыр» еткен  дыбыс  шықты. Жарғақбас  «бұл  не  болды  екен?» деп, жүгіріп  келіп, айналып  жатқан  аспаптың  ішіне  үңілген. Жақсылап  қараймын  деп  басын  сұға  бергенде, басы  бетонараластырғыштың  аузына  кептеліп, жардай  денесі  сонымен  бірге  сағат  тіліндей  айнала  жөнелді. Басын  шығара  алмаған  Жарғақбас «Ой-ба-а-ай! Құт-қа-рың-да-а-ар!» деп  бақыруды  ғана  білді. Үй  ішінде  жүрген  екеуі  елең  етіп, жаны  қалмай  жүгіріп  келсе, бетонараластырғыштың  аузына  кептелген  Жарғақбас  сағат  тіліндей  шыр  айналып  жүр  екен. Қылкеңірдек  дереу  бас  салып  қосқышты  өшірді  де, екеуі  екі  жағынан  тырбанып, оның басын  әрең  дегенде  тартып  шығарды. Жарғақбас  көзі  аларып, басы  теңселіп  тұрды  да, бір  уақытта  барып  өзіне  келді.

 – «Сорлыға  сойыл  бұрын  тиеді» деген, мына  темірдің  аузына  қазандай  басыңды  тығып, бұның  не  сенің?!

      – Қайдан  білейін…  – деді  басын  ұстап, төмен  қарап. – Ішіне  тас  түскен  бе, «сақыр-сұқыр» ете  қалған  соң, «бұл  не  екен» деп, ішіне  үңілгенмін…

      – Енді  солай  болса, бірден  басын  тығады  ма  екен?!

– Қайта  басыңды жұлып кетпей, аман қалғаныңа шүкір де.

  – Шүкір, шүкір…

      – Енді  абайла! Кеттік, Шиеке!

Содан  арада  шай  қайнатым  уақыт  өткен. Кірпіш  тасып  жүрген  Шибұт  азға  қанағат  қылмай, бұл  жолы  арбасына  кірпішті  үйіп-төгіп  салған. Арбаны  аяқтары  майысып  айдап  келе  жатып, оны  есік  алдындағы  көлбеу  ағашқа  шығара  алмай  тырбаңдап  тұрып  қалды. Күшеніп  итере  бергенде, арба  ауыр  салмағымен  кері  ығысып  кетіп, үстіндегі  кірпіштері  сау  етіп  Шибұттың  үстіне  төгілді. Кірпіштің  астында  басылып  қалған  Шибұт  жіңішке  даусымен  «ша-а-ааа!..» деп  шырылдай  жөнелді. Екі  серігі  екі  жақтан  алқынып  жетсе, Шибұт  үйме  кірпіштің  астында  жатыр. Бұлар  кірпіштерді  Шибұттың  үстінен  бір-бірлеп  алып, оны  босатып, тұрғызды.

     – Енді  сенің  бұныңды  қалай  түсінеміз?!

– Ой, қайдан  білейін… – деді Шибұт ішін  ауырсынып. – Кірпішті  көбірек  апарайын  деп  ойлағам. Мына  тақтайдан  жоғары  көтеріле  бергенімде, аяқтарым  майысып, әлім  келмей… Арба  кері  ығып, кірпіш  үстіме  аударылып, басып  қалғаны…

  – Аз-аздан  тасысаң  да  үлгеретін  едің  ғой!

  – «Түйені  жардан  құлатқан  бір  тұтам  шөп» дейді…

Шибұт та  оның  сөзін  бөле  шіңкілдеді:

– «Жығылып  жатып  сүрінгенге  күлмес  болар».

     – Болар  енді, тәжікелеспей! Одан  да  іске  жұмылайық.

Қылкеңірдек  жерден  қалағын  алып, өз  орнына  кетті. Қалғандары  да  өз  шаруаларына  көшті.

Содан  аз  өтті  ме, көп  өтті  ме, бір  кезде  Шибұт  Жарғақбасты  жанына  шақырды:

  – Бері  келші, мына  бағанға  қарашы.

Жарғақбас  келіп  бағанға  қарайды.

      – Не  көріп  тұрсың?

  – Бағанды  көріп  тұрмын.

      – Ой, жарымес, ары  қарашы  деймін. Баған  тіп-тік  қой?

      – Тіп-тік.

  – Ал  қаланған  қабырға  ше?

  – Ой! Қабырғамыз  сиырдың  қарнындай  шермиіп, қисайып, сыртқа  шығып  кетіпті  ғой!

Екеуі  жарыса  Қылкеңірдекті  шақырады.

      – Иә, не  дейсіңдер?

   – Бағанды  бағдар  тұтып, қабырғаға  қарашы.

Қылкеңірдек  қаланған  қабырғаның  сыртқа  шығып, шалқайып  кеткенін  көрді  де, беті  шоқтай  қызарып, төмен  қарады.

   – Бұның  не  сенің, иттің  үйшігін  тұрғызып  жатқан  жоқсың  ғой?!

       – Қайдан  білейін, қолымнан  келгенін  істедім… – деді  иығын  көтеріп.

– Қой, болмас! – деді  Шибұт бастық  сияқты  шікірейіп. –  Орындарымызды  ауыстырайық. Жареке, енді  сен  қала! Мен – сенің  орныңа, бұл  менің  орныма  тұрсын. Ал, мынаны, сыртын  майлаған  кезде  қисық  жерін  қалыңдатып, білдірмей  сылап  жібереміз. Ал, кеттік!

Жұмыс  қайта  қызды. Бұл  жолы  Жарғақбас  қабырға  қалап, Шибұт  лай  илеп, Қылкеңірдек  солардың  арасында  зыр  жүгірді. Шибұт  «Қылеке, су  әкелші» деген  соң, Қылкеңірдек  арбасын  қоя  салып, екі  шелекті  алып  құдық  басына  кеткен.

Қылкеңірдек  су  толы  қауғаны  көтеріп, оны  құдық  ернеуіне  қоя  берген. Қауға  асты  тайып  кетіп, оның  тұтқасына  жеңі  ілініп  қалған  Қылкеңірдекті  салмағымен  тартып, екеуі  қосарлана  құдық  түбіндегі  суға  «күмп»  берді. Суға  бір  сүңгіп  шыққан  Қылкеңірдек  басын  қылтитып  шығарысымен: «А-а-ау! Құт-қа-рың-да-ар! Құт-қа-рың-да-ар!» деп  бақырды.

Жарғақбас  қышын  тастай  салып, сыртқа  атып  шықты. Шибұт  та  дауыс қай  жақтан  шықты  деп, құлағын  түріп, кенет  екеуі  де  құдыққа  қарай  жүгірді.

Келсе, Қылкеңірдек  құдық  түбінде  суды  шалпылдатып  жанталасып  жүр. Екеуі  қауғаны  көтеріп, оны  құдықтан  шығарып  алды.

  – Ау, Қылеке, бұның  не, тал  түсте құдыққа  құлап?!

      – Айтпа! Қауғаны  судан  шығарып, ернеуіне  қоя  бергенде, тайып  кетіп, мені  де  бірге  алып  кетті.

      – Е-е, «Қырыққа  келген  қырқылжың  қыл  арқанға  тайып  құлады»  дегендей  болды  ғой  мұның  сенің.

      – Әйтеуір, басың  аман  қалғанына  шүкір  де.

      – Шүкір, шүкір…

  – Ал, жарандар, енді  іске  көшейік.

Олар  шаруаларын  қайта  жандандырып, үйді  біршама  көтеріп  тастаған. Сөйтіп, құрылыс  қызып  жатқан  бір  тұста  Қылкеңірдек  Шибұтты  жанына  шақырып  алды.

      – Шиеке, мына  бағанға  қарашы, баған  тіп-тік  пе?

      –Тіп-тік.

      – Енді  ар  жағына  көз  салшы.

      – Омай-а-ау! Мына  қабырға  арық  иттің  қарнындай  ішке  қарай қабысып, шалқайып, іш  жағына  кіріп  кетіпті  ғой. Ау, Жареке, төмен  түс, бері  кел!

Ол  жарбаңдап, жандарына  келгені  сол  еді.

    – Бағанға  қара! Баған  тіп-тік  пе? – деді  Қылкеңірдек.

       – Тіп-тік.

    – Ал  енді, өзің  қалаған  қабырғаны  қарашы.

– Ой-бу-уй! Қабырға  ішке  қабысып  кіріп  кетіпті  ғой!  – деді Жарғақбас  қызарып.

   – «Сенген  қойым  сен  болсаң, күйсегеніңе  болайын», бұның  не?! Малқора  салып  жатырсың  ба?

– Енді, енді…  – деп, төмен  қарап  күмілжіді  Жарғақбас.

       – «Олақ  қатын  нан  пісірем  деп, ұнды  бүлдіргендей», сен  де  үйді  бүлдірдің  ғой!

– Оқасы  жоқ, – деді Шибұт сабасына  түсіп. – Ішіне  сылақ  жүргізген  кезде  қисық  жерін  қалыңдатып, білдірмей  тегістеп  жібереміз. Енді  орындарымызды  ауыстырайық. Бұл  жолы  мен  төбесіне  шығам. Сендер  төменнен  ағаш  әперіп  тұрасыңдар.

      – Онда  іске  сәт!

Үшеуі  қайтадан  жұмысты  қыздырды. Қылкеңірдек  пен  Жарғақбас  төменнен  ағаш  әперіп  тұрды. Шибұт  оларды  үйдің  төбесіне  рет-ретімен  орналастырып, шегемен  қағып  жүрген. Шибұт  үйдің  келесі  бетіне  өтпек  болып, көлденең  көлбеу  тұрған  қос  ағашпен  төрт  тағандап  жүріп  бара  жатқанда, аяғы  тайып  кетті. Ағаштың  бүйіріндегі  қағылған  шегеге  дамбалының  ышқырынан  ілініп  қалмағанда, 3-4 метрдей биіктен  жерге  «жалп» ете  түсер  еді.

Шибұт  шегеге  ілініп, салбырап  тұрған  күйінде  шіңкілдеп  бақырады:

– Ай-й! Құтқарыңдар! Құтқарыңдар!

Төмендегі  екеуі  алып  ұшып, сатымен  жоғары  өрмелеп  жетіп  келеді.

      – Тағы  не  болды?

Екеуі  көлбеу  ағашқа  дамбалынан  ілініп, тырбаңдап  тұрған  Шибұтты  көтеріп, босатып  алады.

   – Мына  шеге  ғой  сені  құтқарып  қалған, әйтпесе, «былш» етіп  жерге  оңбай  құлайды  екенсің. Аман  қалғаныңа  шүкір  де.

      – Шүкір, шүкір!..

   – Қалай  құлап  жүрсің?

      – Ана  екі  ағаштан  ұстап, жоғары  шығып  бара  жатыр  едім, тайып  кеткенім…

      –  «Бәле  қайда  деме, аяқ  астында» деген  осы.

      – Енді  абай  бол, көбі  кетіп, азы  қалды  емес  пе.

   –Үшеулеп  жабылып, үйдің  шатырын  жапсақ – ісіміздің  нәтижесі  көрінбей  ме?

   – Иә, «Әрекет  түбі  берекет» дейді.

Сонымен  үшеуі  жабылып  жүріп, төбенің  көлденең  ағаштарын  қағып, қалайы  қаңылтырлы  шатырын  үстіне  төсеп, жауып  шығады.

Үшеуі  істерін  бітіріп, қолдарын  қағып, көңілдерін  демдеп, далаға, үйдің  алдына  көңілдене  шыққан. Өз  істеріне  сырттай  сүйсінбек  болып  тұрғызған  үйлеріне  тамашалап  қарай  бергенде… қызық  болды. Жаңа  біткен  үйге  кенет  жан  біткендей  сықырлап, ыңырана  теңселіп, аққудай  қиқылдап, судағы  кемедей  шайқатылып  тұрды-тұрды  да, бүкіл  шатыры, қабырғасымен  бірге  опырыла  ортасына «гүрс» етіп  шөккені. Қалың  шаң «бұрқ» ете  қалды.

– Атам  кетті! – деді  Шибұт үрейленіп.

– Ой-пыр-ма-ай! – деді  Қылкеңірдек  жағасын  ұстап.

      – Қа-а-ап! – деп  үшеуі  ауыздарын  ашты  да  қалды. Бір  кезде  олар  өз-өздеріне  келіп, сыйынып  жатты.

   – Астапыралла, сақтай  гөр!

   – Жар  бол, жасаған  ием, ішінде  болсақ, қайтер  едік! Аман  қалғанымызға  шүкір  де.

   – Иә, бастан  құлақ  садаға  деген…

      – Шүкір, шүкір!