Кеңес ертегі

Әлқисса

     Жарғақбас, Қылкеңірдек, Шибұт  үшеуінің  де  асынып  алған  жол  қапшықтары  бар. Жарғақбастың  иығында  құрық, Қылкеңірдектің  иығында  арқан, Шибұттың  иығында  жүген, қолында  қамшы, үшеуі  көше  бойлап  алшаң  басып  жүріп  келеді. Жүргені  өз  алдына, былайша әндетіп  келеді:                     Бөлінбейтін  үш  доспыз,

Кез  келген  іске  біз  қоспыз.

Талай  сыннан  сүрінсек  те,

Бет  қайтпайтын  «жылпоспыз».

 

Жолымызды  оңғарсын!

Деп  тілейміз  Тәңірден.

Сәті  түспей  жатса  да,

Түңілмейміз,

Үміттіміз  өмірден!

 

Реніш, өкпе  жоқ  бізде,

Емеспіз  біз ел  кезбе.

Табылса  егер  бір  жұмыс,

Жұмыламыз, біз – құлмыз! –

деп, хош  көңілмен  шеру құрып  келеді. Жеңдерін  түріп  ап, «Екі қолға  бір  жұмыс» деп  белсеніп  келеді. Үшеуі  бір-біріне  сүйемел  боп, қиындықты  қайыспай  еңсеріп  келеді.

Ал  біз  олардың  қызықты  хикаяларын, балалар,  сендерге  баяндап, барымызды  бөліскіміз  келеді.